ОБЛЫСТАҒЫ ҮЗДІК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРГЕ ГРАНТТАР ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ
Аталған қолдау этномәдени бірлестіктердің жобаларын дамытуға серпін береді. Ұлытау облысының әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Берік Әбдіғалиұлы өңірдегі этносаралық қатынас мәселелеріне арналған жиынның жиі өткізіліп тұруы маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы ІІ сессиясының отырысында өңір басшысы барлық этномәдени бірлестіктің аккредитациядан өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазіргі таңда облысымызда 53-тен астам түрлі этнос өкілі тұрады. Сондай-ақ өңірде тіркелген 8 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Облыс әкімінің тапсырмасына орай ҚХА этномәдени бірлестіктерін аккредиттеу биыл тамызда аяқталады.
Ұлытау облысының ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері арнайы қатысқан жиында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлына сауал және ұсыныс-пікірлер жолданды, сонымен қатар өңірдегі этносаралық байланыстың нығаюына ықпал етіп жүрген және су тасқыны кезінде аянбай қолдау білдірген бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.