Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы су тасқыны салдарын қалпына келтіру жөніндегі аппарат жиынын өткізді

Су тасқынынан орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою және қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті шығын сомасы анықталды. Қазіргі таңда бөлінуі тиіс қаражат құны – 274 миллион. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бүгін аппарат жиынында аталған соманың 70 пайызын облыстық бюджеттен бөліп, қалған бөлігін өтеуді Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының әкімдіктеріне тапсырды.

«Малдың шығыны мен зардап шеккен жылжымайтын мүлікке бөлінетін шығын көлемінің есебін осы аптаның ішінде ұсынуды тапсырамын. Бұл – су шайып кеткен автокөлік жолдарына да қатысты. Сонымен қатар мал өлекселерінің нақты санын анықтау және жою жұмыстары 1 мамырға дейін аяқталсын» – деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы.

Белгілі болғандай, су тасқынының алдын алу үшін 2024-2029 жылдарға арналған бағдарлама дайындалу үстінде.

Айта кетейік, арнайы құрылған сараптамалық комиссия жұмысының нәтижесіне сәйкес, Ұлытау облысында тасқын судан зардап шеккен 22 үй болса, оның 5-еуі апатты деп танылды. Оның үшеуі – Ұлытау, қалған екеуі – Жаңаарқа ауданында.