Ұлы жиын ұлықтығын тағы көрсетті

Елімізде үшінші рет Ұлттық құрылтай өтті. Келелі жиында қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жəне нығайту жөнінде ұсыныстар əзірлеу мен енгізу, жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор жəне мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету секілді міндеттері қойылды.

«Біз мықты демократиялық институттары жəне дамыған құқықтық жүйесі бар Əділетті мемлекет құрамыз. Ел ішінде заң мен тəртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға жəне əрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады»,- деді Президент.
Мемлекет басшысы елдің əл-ауқатын арттыратын, ашық əрі дамыған экономика құру жолында қазіргі қоғамда белең алған жемқорлыққа қарсы күрестің жалғасатынын айтты. Сонымен қатар, бүгінде əлемдік деңгейдегі мəселе бойынша негізгі талқылаулар волонтерлік қызмет, адам құқықтарын қорғау жəне белсенді азаматтық ұстанымның маңыздылығын қамтып отыр. Мəдениет, өнер жəне руханият мəселелері ұлттық мəдени мұра, көркемдік көрініс жəне рухани дəстүрлерді сақтау мен дамытуды көздейтіні анық. Бұл тұста өнердің қоғамдағы рөлі, мəдени дипломатия, дəстүрлі қолөнер мен тəжірибені сақтау жəне мəдени əралуандылықты ұлтты біріктіру көзі ретінде насихаттау маңызды деп ойлаймыз. Осы орайда Президент алға қойып отырған мəдени құндылықтарға жаңаша көзқарас, оның ішінде кітап оқу мəдениетін қалыптастыру, салт-дəстүрімізге деген құрметті орнықтыру сияқты ойлары халық ішінде қолдау табары анық.
«Бізге жəне ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – əділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал əрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді» деді Мемлекет басшысы.
Келелі жиын барысында жұмыс жасаған əр секция ұлт алдында тұрған негізгі міндеттер мен мүмкіндіктерді шешуде маңызды рөл атқарады жəне Ұлттық құрылтай барысында жалғасқан диалог пен ұсыныстар əлеуметтік бірлік пен ұлттық прогреске жəрдемдесетін саяси қимылдар мен бастамаларды дамытуға көмектесе алады деп ойлаймыз.
Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде ретсіз ескерткіш тұрғызу, əлеуметтік нысандарға, көшелерге ат беру мəселесіне де тоқталды.
Əрине, ата-анасын əркім де құрметтейді, кейінгі ұрпаққа аты қалғанын қалайды. Туған жерге, елдің еңсесін тіктеуге күш-жігерін жұмсап, халық аузында қалған кісілердің жөні бөлек. Ал рулық, туыстық тұрғыда бұрынғы өткен бабаларына ескерткіш тұрғызу, ерекше еңбегімен еленбесе де, оны асыра көрсетіп, көше сұрау дағдысының қоғамда орын алып отырғаны рас. Бұл жөнінде ел Президенті ашық айтты да. «Əрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мəдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мəселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды. Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу əдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тəрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға жəне кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды» деген сөзі соның айқын айғағы.
Сонымен бірге Президент адами құндылық, ниет, пейіл тазалығына да қатысты мағыналы ойларын ортаға салды. Қазақтың марқасқа жазушысы Əбіш Кекілбаевты мысалға келтіре отырып, атақты өнер тұлғасы Ілия Жақановтың сол ортада отырғанына назар аударды. Мұның өзі елдікті сақтап, күшті мемлекет болу жолында адамның рухани байлығы, өнегелі тұлғасының да маңызы бар дегенді білдіреді. Осындай алып тұлғалардың ұрпақ тəрбиесіне тигізер ықпалы орасан.
«Əрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде əділ қоғам орнайды» деді Президент.
Жалпы қоғамдық институт ретінде қалыптасып үлгерген Ұлттық Құрылтай жұмысы еліміздің өсіп-өркендеуіне, идеологиямыздың беки түсуіне қызмет етіп келе жатыр. Бұл жолы да ұлы жиын өзінің ұлықтығын көрсете алды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.