Қарағанды облысының жүзден астам медициналық мекемесі медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасты
Медициналық сақтандыру қорымен Қарағанды облысының 109 ауруханасы, емханалары мен клиникалары 2021 жылға шарттар жасасты. Медициналық ұйымдар жеткізушілерді іріктеу рәсімінің екі кезеңінен өтті. Олар қажетті жабдықтар мен көмек көрсету үшін мамандардың бар-жоғын тексерді. Облыс тұрғындарын 52 мемлекеттік медициналық ұйым және 57 жеке меншік медициналық ұйым емдейді және тексереді.
МӘМС жүйесі емделушінің жоспарлы көмек алғысы келетін емхананы немесе клиниканы еркін таңдау құқығын көздейді. Пациент өз таңдауы бойынша, сондай-ақ тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны өзгерген жағдайда жылына екі рет емхананы ауыстыра алады.
— Жеке меншік емхананы да, егер ол қормен шарт жасаса, таңдауға болады. Сондай-ақ пациенттер, егер оның емханасында мұндай қызметтер көрсетілмесе, жеке ұйымдарда бірлесіп орындау шарты бойынша консультациялық-диагностикалық көмек ала алады. Жекеменшік мекеменің бұл қызметін емхана өтейді. Ол үшін сіз өзіңіздің клиникаңызда терапевт немесе басқа маманнан жолдама алуыңыз керек. Азаматтардың белгілі бір санаттары да егер клиника Қордың Денсаулық сақтау субъектілерінің базасында тұрған жағдайда жеке стоматологияларда стоматологиялық көмек алуға құқылы, — деп түсіндірді Қордың Қарағанды филиалының сарапшысы Жанар Рақышева.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының ақпараты бойынша