Әлеуметтік саланың әлеуеті – жоғары

Ауданымыздың ең шалғайдағы ауылы – Қоскөл селолық округінің әкімі Досет УАТАЕВТЫҢ есебін тыңдаған ел ауылда әлеуметтік саланың әлеуеті едәуір жоғарылағанын тағы бір мәрте сезініп, серпіліп қалды. Бір жылда ауылда сырттан келген ұстаздарға арналып «Мұғалімдер үйі» мен «Ертөстік» атты балалар бақшасы ашылып, пайдалануға берілген. «Қатысу бюджеті» арқылы үш су скважинасы жөнделген. Аталмыш бағдарлама аясында биыл ауылда саябақ салу жоспарда тұр.

Шынымен де, ауылда атқарылған жұмыстар – ауқымды. Ең бастысы, электр жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. Есік, терезелері жаңартылып, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, мұражай ашылған. Клуб үйі жаңа құралдармен жабдықталған.

Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше мән беріліп отыр. Аудан әкімінің қайтарымсыз грантын жеңіп алған жас кәсіпкер құрт өндіретін шағын цех ашып, іске қосқаны – айтарлықтай жетістік.

Досет Уатаев үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстарға да қысқаша шолу жасады. Биылғы Тәуелсіздіктің мерейтойы жылы мал бордақылау алаңын салу, ауызсу мұнарасын жөндеу, тұрғын үй салу секілді іс-әрекеттер жоспарда тұр.

Жиында ауыл тұрғындары да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Жұмағали Кенжалин, Мереке Қалдыбекқызы, Өмірзақ Кенжахмет көше жолдарын асфальттау, үй беру жолдары жайлы сұрақтарын қойып, тиянақты жауап алды.

Әкімнің есебінен кейін кездесуге арнайы келіп қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев жергілікті билікке құрылыс, жер мәселелері мен ауылшаруашылығын одан әрі өрістету, ауылды дамытуға байланысты демеушілер тарту жайында қадау-қадау міндеттер жүктеді.

Жасұлан АЯШЕВ

ҚОСКӨЛ ауылы