Өзекті мәселелер көтерілді

Байқоңыр ауылында аудан әкімінің орынбасары Нұржан ОРЫНБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен есепті кездесуде өзекті мәселелер қозғалып, оны шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Әрине, әуелі ауыл әкімі Серік ӘБЖАНОВ жыл көлемінде атқарған жұмыстары бойынша есебін берді.

Ауыл ішінде өрт сөндіру бекеті ашылған. «Қатысу бюджеті» арқылы ауыл жастарына арналған воркаут спорт алаңы салынған. Мәдениет үйіне жаңа жылу қазандығы орнатылған. Балабақша күрделі жөндеуден өткен. Ауылда көлік дөңгелегін жөндейтін орталық ашылған. Мектепте мұражай жабдықталған. Биыл фельдшерлікакушерлік орталық салынбақшы. Тағы да біршама атқарылған және жоспарда тұрған істер баршылық.

Ауыл әкімі есебінің ұзын — ырғасы осындай. Жұртшылық атқарылған іске риза екендіктерін білдірді. Бірақ, шешімін күткен істер де аз емес сияқты. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, байқоңырлықтар осындай өзекті мәселелерді ортаға салды. Жергілікті тұрғындар Өмір Шайхин, Нұрлан Жүгінісов пен Асқар Нұржанов жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жедел жәрдем көлігінің қажеттігі, көше шамының сапасы, мешіт құжаты жөніндегі мәселелерді көтерді.

Кездесуге ауданнан арнайы келіп қатысқан Нұржан Серікұлы айтылған жайттарға орай, тұщымды жауап берді. Сондай-ақ, ауыл әкіміне бас жоспар бойынша жұмыс жасауды тапсырды.

Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе ток жүйесіне қатысты болды. Аудан әкімінің орынбасары ауылда электр қуатын ұрлау мәселесінің белең алып тұрғанын айтты. Осы бағытта алдағы уақытта тексеріс жұмыстары жүргізілетіндігін құлағдар етті.

Жасұлан АЯШЕВ

БАЙҚОҢЫР ауылы.