ҚЫС БІРАЗ ҚИЫНДЫҚ ТУДЫРДЫ, – дейді аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандары
«Биыл қыс жайлы болады деген ақпарат жалған болды ғой», дейді ұлытаулықтар қыстың екі айының қыспағын көргенде. Ол да рас. Желтоқсан жайлылау болып басталғанымен қаңтар мен ақпандағы ақтүтек борандар мен ақырған аяздар қыстың қандай болатынын көрсетті-ақ.
Десек те, бұл Ұлытау өңірінің тұрғындары үшін тосын жағдай деп айтуға болмайды. Қай қыс болмасын бұл аймақта «айтарлықтай» болып өтетін əдеті. Биыл да солай болды. Бұл аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне де біраз қиындықтарын əкелді. Қар қыламықтап жауа бастаса болды алдағы боранға қапысыз қамдана бастайтын аталмыш бөлімнің мамандары қыстың үш айында да «қол қусырып» отырмады.
– Біздің өңірде қыс өзінің мінезін өткен жылдың желтоқсан айында-ақ танытты. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылғы 28 желтоқсанында бұрқасын аяқ астынан басталып, жолға шығып кеткен жүргіншілерге біраз қиындық тудырды. Əсіресе балықшылар далада қалып, біздің көмегімізге жүгінді. Мəселен, «Субару» автокөлігімен Аманкелді округіне қарасты «Кененбай» тоғанына барған 3 адам құтқарылды. Сондай-ақ, 30 желтоқсанында осы округтің «Тайм» қыстағында жоғалған 2 адам табылып, эвакуацияланды.
Осы, 30 желтоқсанында Ұлытау ауданы, Мибұлақ ауылдық округінен 25 шақырым жерде орналасқан «Жанабай 2» қыстағынан жоғалған 1 адам табылып, құтқарылды. Осылайша желтоқсан айының соңғы екі күнінде біздің бөлімнің көмегімен 6 адам, 1 жеңіл автокөлік қауіпсіз жерлерге жеткізілді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің басшысы Данияр Мұханбетов бізбен əңгімесінде.
Бөлім басшысының сөзіне қарағанда қаңтар, ақпан айлары да төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері үшін қарбаласқа толы болыпты. Қыстың соңғы екі айында 49 адам, 8 жеңіл автокөлік қар құрсауынан құтқарылған.
– Бір өкініштісі, азаматтарымыз алдын ала жарияланған «дабыл» хабарламасына құлақ аспайды. Оларды міндетті түрде жол полициясының қызметкерлері «тізгіндеп» отырмаса жолға шығып кете береді. Нəтижесінде өздерінің де қасындағы жолсеріктерінің де өмірлерін қатерге тігеді. Жоғарыда орын алған жағдайлардың дені сондай салғырттықтың салдарынан орын алған жайлар, – дейді бөлім басшысы қынжылыспен.
Алда көктем айы келеді. Бірақ, бұл мезгілдегі ауа райы да алдамшы келетінін естен шығармаған жөн. Құзырлы орындар көктем айының қарлы-жаңбыр мен көктайғақты болып келетінін ескертіп отыр. Ал, Ұлытау өңірінің қысы алты айға созылатынын ескерсек, сақтық шараларына құлақ асып жүргеніміз жөн, дейді сала мамандары.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.