Басты мақсат – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу
Қазақстан Республикасының Конституциясында адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына екендігі көрсетілген. Осы орайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті өзінің жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде жеке жəне заңды тұлғалардың жəне мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауды айқындап отыр.
Былтырғы жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша Департаментке азаматтардан 30 жуық арыз-шағымдар келіп түсті.
Азаматтар негізінен мемлекеттік органдар тарапынан өтініштерінің дұрыс қаралмауына, мемлекеттік қызметке іріктеу конкурстарының рəсімдерінің жəне тəртіптік жаза қолдану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарының сақталмауына, мемлекеттік қызметшілермен əдеп кодексі нормаларының бұзылуына қатысты шағымданған.
Мəселен, Департаментке А. деген азамат мемлекеттік органдағы мемлекеттік қызметке іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның заңсыз іс-əрекеттеріне шағымданған.
Тексеріс барысында А деген азаматты конкурстық комиссия дұрыс бағаламай, нəтижесінде бос лауазымға орналасуға негізсіз бас тартылған.
Департаменттің жедел ден қою шараларының нəтижесінде конкурстық комиссияның шешімі заңсыз деп танылып, кінəлі тұлғалар тəртіптік жауапкершілікке тартылып, шағым иесінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтірілді.
Департамент өткен жылы азаматтардың арыз-шағымдарымен өзге де негіздер бойынша 8 бақылау шараларын өткізіп, нəтижесінде мемлекеттік органдардың қызметінде 400-ден аса заң бұзушылықтарды анықтады.
Заңға қайшы тəртіптік жазаға тартылған 2 мемлекеттік қызметшіге қатысты шығарылған актінің күші жойылды.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытында да Департаментпен біршама жүйелі жұмыстар атқарылды.
Мəселен, Департаментпен мемлекеттік қызметшілердің бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларда болу кезіндегі құқықтарының сақталауына талдау жүргізілген болатын.
Талдау нəтижесі бойынша 10 мемлекеттік қызметшіге тұрғын үйді жалға алуға бағытталған 160 000 теңге көлеміндегі төлемдері толықтай төленіп, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Департаментпен мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартудың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардағы жұмыс уақыты режиміне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
Өткен жылы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 46 мемлекеттік қызметшіге тынығу сағаттары, 31 қызметшіге заңсыз үстеме жұмысқа тартылғандары үшін 1 104 196 теңге мөлшерінде төлемақы төленді.
Биылғы жылы қаңтар, ақпан айларында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 4 мемлекеттік қызметшіге 4 сағат 23 минут тынығу сағаттары берілді.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлытау облысы бойынша филиалында 29-31 қаңтар аралығында «Б» корпусының мемлекеттiк қызметшілері үшін негізгі жұмыстан қол үзе отырып (күндізгі оқыту түрі бойынша) оқытуға жіберілген 23 мемлекеттік қызметшілердің іссапар шығындарының уақытылы төленбегендігі анықталды.
Департаменттің ден қою шараларының негізінде аталған мемлекеттік қызметшілердің іссапар шығындары төленіп, қызметшілердің құқықтары қорғалды.
Департаментпен алдағы уақытта да мемлекеттік органдарда заңнама қағидаттарының сақталып, азаматтардың құқықтарының жол берілмеуіне бағытталған пəрменді жұмыстар жалғасатын болады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті.