Атағы еңбекпен шыққан азамат

Елін еңбегімен сүйсіндірген азаматтың есімі елмен бірге жасайды, ісі жас ұрпаққа үлгі – өнеге болады. Осындай азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі Бекмырза Əбілдин. Ол жастайынан еңбекке араласып шыңдалып, шынығып өсті. Бекмырзаның əкесі Əбілдə марқұм Қаракеңгір кеңшарында шопан болып өмірінің соңына дейін еңбек етіп, көпшіліктің алғысына бөленген абзал жан еді. Əбекең өзінің балаларын еңбекке тəрбиеледі, «Жақсы азамат, елге сыйлы боламын десең, өзің адал еңбек ет. Ал «еңбекпен тапқан нан тəтті» дейді дана халқымыз. Қиындықтан қашпасаң, адалдықтан аспасаң, жамандықтың шиірін баспасаң бақытты боласың» – деп отырады екен.

Иə, Əбекеңнің айтқанын балалары ғана емес немерелеріде бұлжытпай орындап жүр. Бекмырза ұзақ жылдар бойы Қаракеңгір кеңшарында механизатор, пішеншілер бригадасының бригадиры болып жемісті еңбек етті.
Елімізде жекешелендіру саясаты басталғанда Қаракеңгір өзенінің шығыс жағалауындағы «Дүзен» қыстағын алып балаларымен жеке шаруашылығын құрып оны дамытты. Өзі қазыналық қарттық жасына келгенде шаруашылық тізгінін баласы Көбейсінге беріп өзі ақылшы болып отыр. Қазір шаруашылық аудандағы қарқынды дамыған шаруашылықтардың бірі. Халқымызда «жақсы əке балға қырық жыл азық» — деген халқымыздың қанатты сөзі Бекмырза ұрпағына дарыды.
Бұл өскен əулиет. Бекмырза мен зайыбы Зағипа он бала тəрбйелеп өсіріп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып солардың қызығын көріп отырған еліміздегі бақытты отбасылардың бірі. Қазір олар немере, шөбере сүйіп отырған Тəуелсіз мемлекетіміздің абыройлы азаматтары, ұрпағының атасы мен əжесі. Бекмырза мен Зағипаның ұрпағы қазір əр салада жемісті еңбек етіп халқының алғысына бөленіп журген азаматтар.
Біз өркені өскен,өрісі кең отбасына өмірдегі жақсылықтың бəрін тілейміз.
Ардақты ана, адал жар, халықтың сүйікті қызы Зағипаны 8-наурыз – Халықаралық əйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Отбасына, ұрпағына бақыт пен байлық, ырыс – береке тілейміз.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.