Құрметті «Ұлытау» газетінің ұжымы мен ардагерлері!

Сіздерді және барша оқырмандарыңызды аймақ өмірінің айнасы – «Ұлытау» газетінің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Тарихы терең басылым бар қазақтың қарашаңырағындай қастерлі мекеннің бұрынғысы мен бүгінгісін кеңінен қамтып, жетістіктерін талмай жазып, қалың бұқараның мәселелерін бүкпесіз көтеріп келеді. Мемлекет саясатын насихаттай отырып, жұртшылыққа рухани бағдар беруге, елдікке шақыруға қосып келе жатқан үлесі – өз алдына бір төбе. Осының арқасында оқырманның үлкен ықыласына бөленіп, бүгінгі белесті табысты бағындырып отыр. Мұның барлығы – қазіргі таңда іс басында жүрген және бұған дейін газеттің басы-қасында болған азаматтардың еңбегі.

Осынау мерейтой тұсында ulytaynews.kz ақпараттық порталының іске қосылуы – оқырмандар үшін үлкен олжа деп білеміз.

Ақпараттық технологиялардың жедел дамуы бүгінде масс-медианың алдына жаңа талаптар қойып отыр. Осы орайда, дәстүрлі БАҚ пен заманауи коммуникация құралдарын үйлестіріп, тиімді пайдалану шығармашылық әлеуетті арттыратыны анық. Ендеше, аудандық деңгейде ulytaynews.kz сияқты порталдың жұмыс істей бастауы – өңірдегі ақпарат саласы үшін қомақты жетістік.

Мерейтойларыңыз құтты болсын!

Оқырмандар қатары жыл өткен сайын еселей өсіп, еңбектеріңіз жана берсін!

Ерлан ҚҰСАЙЫН,

Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы.