Сараптамалық сипаттағы жиын
Егінді ауылдық округінің әкімі Марғұлан ӘЛМАҒАНБЕТОВТІҢ халық алдындағы есеп беру кездесуі сараптамалық мәнге ие болды десек, артық айтқандық емес. Маңызды жиынға қатысушылар қатарында аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ, сондай-ақ, аудандық деңгейдегі мекемелер мен бөлім басшылары болды.
Ауылды басқару тізгінін ұстаған азаматтың өткен жыл қорытындысымен жасаған есебіне көз жүгіртсек, салыстырмалы түрде біршама ілгерілеушілік үрдісінің орын алғаны айқын аңғарылады. Бұл жетістіктердің, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына қатысы мол. Өзге бағыттарда да атап айтуға татитын жағымды жайттар баршылық. Мәселен, ауыл орталығында «Қатысу бюджеті» арқылы жастарға арналған воркаут спорт алаңы салынған. Көше ішіндегі шамдары жарықтанып, ауызсу тұрғындарға бір қалыпты берілуде. Елді мекендегі медицина мекемесі жаңа шағын автокөлікпен қамтамасыз етілген. Өткен жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында бес жас маман ауылға келіп, еңбек етуде.
Міне, осы және басқа да мәселелер жайында сөз қозғаған ауыл әкімі алдағы атқарылар істерге шолу жасады.
Ауылдық округ әкімінің есебінен соң аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев биылғы жылы Егінді ауылында мектеп ғимараты мен клуб үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл әкіміне жас кәсіпкерлерге берілетін аудан әкімінің қайтарымсыз грантына ауыл жастарын қатысу мүмкіндігін қарастыруды, жалпы кәсіпкерлік саласын қолға алуды тапсырды.
Ауыл тұрғындары «Ұлытау-Егінді» бағытындағы көтерме жолды жөндеу туралы тілектерін білдірді.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Еркебұлан Байзақов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин өз салалары бойынша атқарылып жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Өз тілшімізден.