Сақтық шаралары күшейтілді

Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен аппарат кеңесі қазіргі уақыт талабына байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік меемелер мен шаруашылық кәсіпорындарының басшылары, ауылдар мен кенттер әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі «2021 жылға мемлекеттік сатып алудын жоспары туралы» мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасап, соған орай атқарылуы тиіс қадамдар айқындалды.

Ал өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен қатерлі індеттің таралуының алдын алуға қатысты шаралар туралы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.

Салаға жауапты мекеме басшысының мәлімдеуінше, коронавирустың екінші толқыны басталуына орай, аудан бойынша сақтық шараларын пәрменді ете түсу амалдары қолға алынған. Ол сондай-ақ, індетке қарсы екпе жұмыстарының адамдардың өз еріктері бойынша жүргізілетінін хабарлап, ауылдық және кенттік округтер әкімдеріне соған байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын ширату жөнінде ұсыныс жасады. Сонымен қатар, ортақ талапқа сәйкес, мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің қашықтықтан жұмыс жасауын ұйымдастыру қажеттілігін де атап өтті.

Аппарат кеңесінде Бағдат Тілеуліұлы індеттен сақтық шараларының мүлтіксіз орындалуына жергілікті әкімдер мен мекеме-кәсіпорындар басшылары айрықша жауапты екеніне назар аударды. Оларға тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, той-думандар өткізуге, құдайы, шеке беруге тыйым салынуы міндеттелетінін ескертті. Жауапты тұлғаларды жедел жұмыс тобы өкілдерімен бірлесе отырып жұмыс істеуге шақырды.

Аудан әкімінің орынбасары кент және ауыл әкімдерінің індеттің таралуына тежеу қоюға байланысты жүргізіп жатқан іс-шараларына жеке-жеке тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.

Жасұлан АЯШЕВ