Берік Әбдіғалиұлы: Мемлекеттік қаржылай қолдаудың пайдасы кәсіпкерге де, халыққа да тиюі қажет

«Қаражат жеткілікті, қолдау бар, халыққа өте тиімді жоба да көп. Алайда, түсіндірме жұмыстарының әлсіздігі мен насихаттың аздығы – кәсіп дамытуды тұралатып тұр»-осылай деп бүгін Ұлытау облысының әкімі аппарат жиынында ауылшаруашылығы саласының бірқатар мәселесіне тоқталды.

Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы кеңесте бюджет есебінен беріліп жатқан грант және аз пайызды несиелеу қаражаттарын техникаларды жаңарту, суармалы егіншілікті дамыту және жылыжай кәсібін ілгерілету мен көкөніс сақтайтын орын ашуға бағыттау қажет екенін жеткізді. Бұл ретте өңір басшысы 2.5%-бен берілетін мемлекеттің тиімді қолдауын банктің несиелеуімен шатастырмауды насихаттау қажет екенін атап өтті.

«Өкінішке орай, қазіргі уақытта халыққа өзге де мол мүмкіндік беретін қаражаттарды тек мал басын көбейтуге ғана үлестіріп жатырмыз. Жайылымды жері мен жем-шөбінің қоры аз кәсіпкерлер үшін бұл өте тиімсіз. Субсидия және аз пайызды несиелеуге берілетін қаржыны оң мақсатта пайдаланып, көптеген кәсіпті дөңгелетуге әрі халыққа қажетті әрі пайдалы өнімдерді өзімізде қолжетімді етуге болады. Аймақтардағы әкімдермен бірлесіп, жаңа, ерекше жобаларды ұсынуды тапсырамын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.