Қарағандыда арнайы мектеп оқушылары арасындағы алғашқы облыстық онлайн-олимпиаданың қорытындысы шығарылды
Қарағандыда арнайы мектеп-интернаттардың 5-6 сынып оқушылары арасында алғаш рет облыстық олимпиада өтті. Олимпиада үш пән бойынша (қазақ және орыс тілдері, математика) ZOOM платформасында және Google form сервисінде онлайн-режимде өтті.
Олимпиаданың ұйымдастырушылары — Қарағанды облысының білім басқармасы және балаларға арналған «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы.
Зияткерлік жарысқа бес мектеп-интернаттан 34 оқушы қатысты. І, ІІ және ІІІ орындар 20 оқушыға берілді.
5 сынып оқушылары арасында І орынды тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған Қарағанды облыстық мектеп-интернатының оқушысы Тұрар Шәмірбек алды. Сондай-ақ, арнайы оқу орындарының бесінші сынып оқушылары бес екінші және бес үшінші орындарды иеленді. 6-шы сыныптарға төрт екінші және бес үшінші орын берілді.
Олимпиада жеңімпаздарын онлайн-марапаттау 27 қаңтарда өтеді. Оларға дипломдар мен сертификаттар, ал оқытушыларға алғыс хаттар беріледі.