Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: «Қатаң талап – қаржыны сапалы игеру кепілі»

Ұлытау облысы әкімінің төрағалығымен 2023 жылғы облыс бюджетінің атқарылуына қатысты қорытынды кеңес өтті. Жиында өңір басшысы бюджет шығыстарын себепсіз игермеген бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне тәртіптік жаза тағайындауды, басқармадағы жауапты тұлғаларға жауапкершілік қарастыруды тапсырды.

«Мен осы уақытқа дейін барлық облыстық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржысының тиімді жоспарлануына, пайдаланылуына қатысты қатаң талап қойылатынын ескерткенмін. Бюджет қаражатының тиісті деңгейде игерілмеуі – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға кедергісін келтіріп отыр.
Осы жылы былтыр орын алған қателіктерге жол бермей, конкурс дұрыс ұйымдастырылсын, құжаттармен жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырамын.
Бұдан былай материалдардың қымбаттауына байланысты түзету енгізуге рұқсат берілмейді» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы облыстық, қала-аудандардың бағдарламалар әкімшілеріне мемлекеттік сатып алу рәсімдерін сапалы және бөлінген қаражатты толық игеру мақсатында жылдық жоспарларын және мемлекеттік сатып алу өтінімдерін уақытылы ұсынуды, қаражатты игеруде басымдықты жұмыстың сапасына қарай бағыттауды тапсырды.