Қарағандыда Covid-19 науқастарына көмек көрсету үшін медициналық еріктілер мектебі ашылды
Алғашқы көмек көрсету, өкпе-жүрек реанимациясын жүргізу, науқасқа күтім жасау, ЖҚҚ дұрыс кию-алып тастау, пациентті тасымалдау. Осының бәрін Қарағанды медициналық еріктілер мектебінде оқытатын болады. Жобаны «Қазақстан медицина жастары» РҚҰ облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды медицина университетінің бесінші курс студенті, ерікті Дарын Әбілжанов үйлестіреді.
-Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында осындай мектептер ашылды. Қарағанды медицина университеті профессорлық-оқытушылық құрамымен танымал екенін барлығы біледі. Сондықтан ректор Раушан Досмағамбетоваға біздің оқу орнымыздың базасында волонтер-дәрігерлер мектебін ашу туралы ұсыныс хат жіберілді. Ол біздің идеямызды қолдады. Осылайша Қарағандыда осындай мектеп пайда болды, — дейді Дарын Әбілжанов.
Оның басты мақсаты — пандемия кезінде оқытылған волонтер-медиктердің күшімен медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту. Бір курс аясында онлайн-режимде 15 теориялық сабақ және бес офлайн тәжірибелік сабақ өтеді. Тәжірибе алу үшін медициналық еріктілер медуниверситеттің симуляциялық және білім беру технологиялары орталығына барады. Мұнда олар тәжірибелік дәрігерлердің, оқытушылардың, тәжірибелі ерікті дәрігерлердің көмегімен теориялық дағдыларды дамытады.
Мектеп тыңдаушысы болуға 100-ден астам адам ниет білдірді. Оқу екі айға созылады. Медициналық еріктілер мектебіне түрлі мамандықтағы адамдар «түскендіктен», қазір олар екі топқа бөлінген. Анатомия туралы негізгі білімі бар студенттер мамандандырылған курстардан өтеді, ал болашақ медициналық білімі жоқ еріктілерге Covid-19 пациенттеріне дұрыс күтім жасау үйретіледі.
Мыңнан астам еріктілерді оқыту жоспарлануда. Курсты аяқтағаннан кейін «Қазақстан медицина жастары» республикалық қоғамдық ұйымынан сертификат беріледі. Ол еріктінің жұмысқа дайын екенін білдіреді.
— Мектеп бітірген соң еріктілер өз түйіндемелерін қалдырады. Біздің ұйым оларды көмек қажет жерге жібереді. Неліктен мұндай мектеп қажет? Біріншіден, бұл алғашқы медициналық көмек көрсетуді жақсартады және жас медицина қызметкерлерін даярлау сапасын арттырады. Біз ковид-науқастарды күтуге көмектесеміз, яғни медицина қызметкерлеріне эмоционалдық және физикалық жүктеме азаяды. Біздің дайындығымыз кез келген адамға қиын жағдайда саспай, көмектесуге септігін тигізеді, — деп есептейді Дарын Әбілжанов.
Ерікті дәрігерлер мектебіне Qazaqstan Medisina Jastary @qazmed_jastary Instagram арқылы жазылуға болады. Профиль басында онлайн-форма толтыруға арналған сілтеме бар (www.instagram.com/qazmed_jastary).