Құрметті жерлестер!

Сан ғасыр бойы азаттық аңсаған халқымыз үшін Егемендік, Тәуелсіздік ұғымының мағынасы терең, маңызы зор. Осы Тәуелсіздік жолында халқымыз талай тағдыр тәлкегін көріп, азапты жолдан өтті. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.

Ұлтымыздың осы уақытқа дейін бастан кешірген қиындығы аз болған жоқ. Соның бірі 1986 жылы орын алған «Желтоқсан көтерілісі». Бүгінде облысымызда егемендік үшін ерлік көрсеткен 37 айбынды азаматымыз тұрады. Олардың жанқиярлығы мен қайтпас қайсарлығы ұрпақ жадында мәңгі сақталуы қажет.

1991 жылғы 16 желтоқсан – ел тарихындағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.

Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы. Ол үшін алдымен елдің ымыра бірлігі, қоғамның тұтастығы керек!

Тәуелсіздік күні құтты болсын, жерлестер! Еліміздің көк туы әрқашан биікте желбіреп, Тәуелсіз Қазақстанның абыройы арта берсін!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.