Шектеу шаралары күшейтілді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ төрағалық етуімен коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Отырыста аудандағы және көршілес қалалардағы эпидахуал бойынша аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан ТАНАБАЕВ ақпарат берді.

— Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 2 адамнан инфекция анықталды. Олармен қатынаста болған 6 адам тексерілуде. Осыған сәйкес, облыстық Бас санитарлық дәрігерінің №2-қ 19 қаңтардағы 2021 жылғы «Қарағанды облысында шектеу шараларын күшейту туралы» қаулысын негізге алып, халықтың өмір сүру жағдайындағы карантин режимін ерекше шарттармен күшейтуді ұсынамын.

Ұлытау ауданының тұрғындарына бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан артық адамдардың жиналуына тыйым салынсын.

«60-тан асқан адамдарға елді мекендер мен қоғамдық орындар бойынша жүріп-тұруды шектеу ұсынылсын. Сонымен қатар, жерлеу іс-шараларын өткізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 10 адамнан артық жиналмауына жол бермеу және отбасылық, естелік іс-шараларды, оның ішінде үйде, адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынсын», – деді Е.Танабаев.

Жиын соңында аудан әкімі міндетін атқарушы М.Оспанов комиссия мүшелеріне, мекеме басшыларына және кент, ауыл әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді. Аудан бойынша құрылған 2 мобильдік топтарға әр ауылдық округтерде құрылған жұмыс топтарына жоғарыда айтылған талаптарды сақтауды міндеттелді. Мобильдік топтың жұмысын күнделікті бақылауды аудан әкімінің орынбасары Б.Байжантаевқа жүктеді.

Өз тілшімізден.