Сан-Мариноны сан соқтырып едік…

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының жетінші турында Қазақстан құрамасы Сан-Маринодан басым түсіп мерейіміз бір көтеріліп қалды. Кездесу барысында қазақстандық футболшылар бірден шабуылға көшіп, қарсыластарын ықтырып тастады.

Қазақстан құрамасы Сан-Марино ойыншыларын өз алаңында қабылдады. «Астана Аренада» өткен кездесуде отандастарымыз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Магомед Адиевтің ойыншылары мачтың алғашқы таймын сенімді бастады. Ойынның 19-минутында жартылай қорғаушы Ислам Чесноков есеп ашып, кейін 51-минутта дубль жасады. Қарсылас команда сапынан Франчози жалғыз голдың авторы атанды. Ол ойынның 60-минутында Қазақстан ұлттық құрамасының қақпасына гол соғып, есеп қысқартты. Алайда, екінші таймның соңында шабуылшы Абат Айымбетов пенальтиді сəтті орындап, ойынның нүктесін (3:1) қойды.
Қазақстан ұлттық құрамасының Сан-Марино командасына қарсы ойынына қолдау көрсету үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана Арена» стадионына келді. Мемлекет басшысымен бірге ұлттық құрамаға қолдау білдіру үшін даңқты спортшылар, спорт ардагерлері мен мəдениет қайраткерлері де болды. Олардың арасында Қазақстанның халық əртісі Димаш Құдайберген, мини-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Паулу Рикарду Фигейра Силва (Кака) жəне тағы басқалары бар.

Ойын тартысты өтті. Кездесу барысында қазақстандық футболшылардың дүркін-дүркін жасаған шабуылына қарсылас құрама қорғаушылары лайықты төтеп бере білді. Алаң иелерінің гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Десе де есеп өзгере қойған жоқ. Осылайша Қазақстан қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.
Ел құрамасы H тобында 8 ойыннан кейін 15 ұпай жинап, үшінші орынға көтерілген еді. Енді бір секірсе Еуропа чемпионатына жолдама да қолға тиетін. Əттең…
Қазақстан ұлттық құрамасына Еуропа чемпионатының жолдамасы бұйырмады. 20 қараша күні Словения командасымен ойнаған Қазақстан ұлттық құрамасы қарсыластарына есе жіберіп алды. Өйтіп, іріктеу ойындарының 10-туры аясындағы кездесу Словения құрамасының пайдасына шешілді (2:1). Ойынның 41-минутында қазақстандықтардың қақпасына пенальти белгіленген еді. Словения құрамасының шабуылшысы Беньямин Шешко 11 метрлік айып добын сəтті орындап, есеп ашты. Ал екінші таймның басында Максим Самородовтан пас қабылдаған Рамазан Оразов қарсылас қақпасына дəл соққы бағыттап, таразы басын теңестірді. Негізгі уақыттың аяқталуына 4 минут қалғанда Беньямин Вербич командасының жеңісті голын салып, Словения ұлттық құрамасына Еуропа чемпионатының жолдамасын тарту етті. Өкінішті-ақ.

Ізбасар ОЙБАС.