Жерлесіміз – «Жыл волонтеры» номинациясына иеленді
Жақында ұлытаулық «Күміс алқа» иегері Мөлдір Жаппасова облыстық «Жыл волонтеры» номинациясына иеленді. Бұл марапат – Ұлытау халқының мерейі.
Бүгінде волонтер қоғам игілігі үшін қызмет етуде. Қайырымдылықты, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту еткен еріктілердің бірі. Əсіресе, аз қамтылған отбасыларға, мүгедектерге жəне мұқтаж жандарға үлкен қолғабыс жасауда.
Жақында ғана өз қаражат есебінен 25 отбасыға 60 бөлкені тегін үлестірді. Былай қарағанда, өзі де 6 бала тəрбиелеп-өсіріп отырған көп балалы ана. Соған қарамастан, жұртқа қайырымдылық жасауы – ерлікпен пара-пар.
«Ерікті болу – жүрек қалауы» десек те мұндай іске екінің-бірі бара алмайтыны анық. Бірақ, ол қайырымдылық жасауды алдыңғы орынға қойған адам. Үнемі қиналғандарға көмектесіп, барымен бөлісіп жүретін жан.
Бір ерекшелігі, оның өзгелерден ұйымдастыру қабілеті жоғары. Жаз айларында өзі тұратын 24 пəтерлі үш қабатты үйдің айналасын тазалауды дəстүрге айналдырған. Көршілерімен бірігіп, бірнеше рет сенбілік ұйымдастырғанын біреу білсе, біреу білмес. Қашан көрсең де жергілікті биліктің əрекетін күтпей кетеуі кеткен істерді көрші-қолаңмен жөнге келтіріп жатқаны. Осыған қарап, көпшілік Мөлдір Ерғазықызын қоғам белсендісі деп таниды.
Бүгінде Мөлдір аудан өмірінде өнегелі ісімен есімі жұрт жадында жаңғырып жүрген ақжүректі келіншек. Қиындықта ауыл тұрғындарына қолғабыс жасап, ауыр жүкке иығын тосып жүрген волонтер. Ауданның гүлденуін, ауылдың түрленуін ойлап, болашаққа нық қадам жасап жүрген ел белсендісі. Бұл еңбектері ел алдында да елеусіз қалған емес. Əр бастамалары билік тарапынан жоғары бағалануда. Өткен жылы «Ұлытау жанашыры» аталымына ие болды. Халықаралық «Жастар күні» аясында Алғыс хатқа иеленді.
Ал, биыл «Жыл волонтеры» атануы – үлкен абырой. Ендеше, əрі қарай да жаңа бастамаларыңмен көрініп, ел алдында мерейін өсе берсін, Мөлдір!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.