Өңірдің ғылыми-өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын жоспар бекітілді
Жуырда Жезқазғанда Ұлытау облысының ғылыми-өнеркəсіптік əлеуетін дамыту мəселелерін талқыланған дөңгелек үстел болып өтті. «Ұлытау облысының ғылыми-өнеркəсіптік əлеуетін дамыту: өңірдің перспективалары мен бəсекелестік артықшылықтары» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстелді Ұлытау облысының əкімдігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жəне «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Алқалы жиынға облыс əкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья, құрметті ақсақалдар, сондай-ақ өңір кəсіпорындарының, облыстық басқармалар мен ұйымдардың басшылары, қатысты.
Дөңгелек үстел барысында белгілі ғалымдар мен өңір кəсіпкерлері өз жобалары мен ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, аймақты сумен қамтамасыз етудің жай-күйі мен болашағы сияқты маңызды тақырып қозғалды. Мəселен, ғалымдар Ертіс өзенінің суын тасымалдау жобасын ұсынды. «Қазақстанның үлесінде төрт жарым текше шақырым су бар. Біз оны өз қажеттілігіміз үшін, оның ішінде Ұлытау өңірін сумен қамтамасыз етуге пайдалануға құқығымыз бар», – деп атап өтті ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар «Ұлытау өңірінде көтерме сауда-тарату орталықтарын құруды ғылыми сүйемелдеу», «Ұлытау өңірінде тұқым шаруашылығы бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Суармалы жерлерді қарқынды пайдалану», «Жылы жайларда маусымаралық кезеңде көкөністерді өсіру мəселелері бойынша ғылыми-практикалық көмек көрсету», «Жануарлардан алынатын өнімдерді терең жəне кешенді өңдеу» жəне басқа да өңір үшін маңызды бірқатар ілкімді жобаларды қарастырды. Дөңгелек үстелдің қорытындысында облыстың ғылыми əлеуетін арттырудың 8-қадамнан тұратын жоспары бекітілді.
Жиын соңында облыс əкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Күнсұлу Закарьяға «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атағын ресми түрде табыс етті. Орайы келгенде айта кетейік, Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Күнсұлу Закарьяға «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы облыстық мəслихаттың шешімі шыққан болатын.
Аманкелді АҚШАЛ.