ҰЛЫТАУ: Жаңа автобекет – жолаушылар игілігіне

Қалың қауымның көкейінде көптен бері жүрген түйткілді жайттың түйіні тарқатылып, аудан орталығындағы жаңа автобекет жолаушыларға өзінің есігін айқара ашты. Жаңа нысанның тұсаукесер рәсіміне осы шаруаға бастамашы болып, орнықты орындалуына тікелей дәнекерлік еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ қатысып, жұртшылықты ақжарыла құттықтады.

«Замана сұранысы мен жалпы қоғамның даму үрдісіне ілесе білу бүгінгі күннің басты талабы. Мына автобекет – сол ұстаным негізінде қолға алынған, енді ел игілігіне мінсіз қызмет ететін орынға айналатын нысанның бірі. Бұдан былай жолаушылар автобусты жаздың аптабында күнге қақталмай, көктем мен күзде жауын-шашын астында дірдек қақпай, қыстың аязында қалтырамай, жылы әрі жайлы ғимаратта күтетін болады. Бұл жерде қалааралық көлікті күтушілерге қажетті жағдайдың бәрі жасалады» деген Берік Әбдіғалиұлы бастапқы жоспар бойынша жер аяғы кеңи келе автобекеттің төңірегі тұтасымен абаттандырылатынын да атап өтті. Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, мемлекеттік қызмет ардагері Жақия Садықовпен бірге нысанның лентасын қиды.

Салтанатты рәсімге жиналған тұрғындар мен сол сәтте «Ұлытау-Жезқазған» бағытындағы автобусқа отырғалы тұрған  жолаушыларды Ұлытау ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Әбжамалов пен жолаушы санатындағы Ершат Оразалы құттықтап, қуанышын бөлісті.

Автобекет ғимаратында күту залы мен билет кассасынан бөлек көлемі кең бірнеше бөлме бар. Оларда сауда нүктелері мен шағын дәмхана ашылып, жолаушылар сұранысы негізінде, басқа да қажеттіліктер қарастырылатын болады.

 Өз тілшімізден.