Нақты мәселелер айқындалды

Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс ІХ сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов тізгіндеген депутаттардың басты жиынына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық деңгейдегі мекеме, бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе Ұлытау аудандық мәслихатының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы ХХVI сессиясының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінің №188 шешіміне өзгерістер енгізу жайында болды. Осы тұрғыда, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасады. Бұдан кейін депутаттар Эльмира Ершұманова мен Гүлдана Асанханова маңызды мәселелер төңірегінде бірқатар сұрақтар қойды. Депутаттар тарапынан туындаған сауалдарға Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қалдыбек Кәкімжанов пен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин орнықты әрі нақты жауаптар қайтарды. Басты мәселе егжей-тегжейлі талқыланған соң, халық қалаулылары толық мақұлдап, келісімін берді. Бұл туралы тиісті шешім қабылданды.

Екінші мәселе аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 12 шілдедегі №108 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде болды. Осы мәселе аясында Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені бекіту бойынша аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Мақсат Әбдікәрімов хабарлама жасады. Бұл мәселе бойынша да оң сипатта шешім қабылданды.
Сонымен қатар, сессия барысында қаралған барлық мәселелер бойынша тиянақты тұжырымдар жасалып, тиісті шешімдер шығарылды.
Жиын түйінінде аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ауданның атқарушы билік тарапынан жасалған қадамдарға сипаттама берді. Мандат иелерін алдағы уақытта да бірлесе әрекет етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.