Қарағанды облысында 2021 жылы АӨК-де 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда

Қарағанды облысында биыл аграрлық салада 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өңірде мал шаруашылығы дамыған. Ет және сүт өндіретін жаңа фермалар ашылады деп күтілуде.

Аграрлық саладағы 2021 жылға арналған жоспарлар туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов онлайн режимде өткен жиында айтып берді.

— АӨК-ге инвестициялар 31,4 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр — 2020 жылға қарағанда 12,5%-ға артық. 2021 жылға 20 жобаны іске асыру белгіленген, олардың сегізі кәсіпкерлікті қолдау Картасына енгізілген. Олардың ішінде 1 500 басқа арналған үш сүт-тауар фермасы, қуаттылығы жылына 110 тонна өнім шығаратын құс фабрикасы, қой шаруашылығы мегафермасы бар. АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 5 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. 2021 жылға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге 15,9 млрд теңге бөлінді, — деп хабарлады баяндамашы.

Оның айтуынша, биыл ауыл шаруашылық өнімінің 6,5%-ға өсуі жоспарланған. Өткен жылы облыста 151,1 мың тонна ет, 502,6 мың тонна сүт, 664 млн дана жұмыртқа өндірілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,7%-ға артып, 398,7 млрд теңгені құрады.

2021 жылы АӨК-де еңбек өнімділігін 17,5%-ға өсумен 4591,3 мың теңгеге дейін арттыруға және өңделген өнім экспортын 20%-ға ұлғайтуға бағытталған шаралар кешені іске асырылатын болады.

Азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін картоп пен көкөніс көбірек өсіріледі. Астық алқаптарын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Өсімдік шаруашылығында аграрлық технологияларды сақтауға және нақты егіншілік элементтерін енгізуге баса назар аударылатын болады. Техниканы жаңарту жалғасады.

Мал шаруашылығында асыл тұқымды малдың үлесін ұлғайту ынталандырылады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 мың бас ірі қара және 20 мың ұсақ мал сатып алынады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы жануарларына арналған азық құнын арзандатуға 714 млн теңге бөлінді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңдеу саласын дамытуға көп көңіл бөлу керек деп есептейді.

— Қазір қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту жүріп жатыр. Азық-түлік өндірісінің өсу қарқынын сақтау қажет. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жұмысты жандандырыңыздар. Біздің алдымызда үлкен міндет тұр — Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің нақты көлемі индексінің 106,5% деңгейінде өсуін қамтамасыз ету қажет, — деп атап өтті өңір басшысы.