Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанның Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовті және Түркіменстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Қазақстандықтар Түркіменстанның зор жетістіктеріне шын ниетпен тілеулес және екі ел арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, тату көршілік қатынастар мен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді, – деп жазылған жеделхатта.
Мемлекет басшысы өзара бірлескен күш-жігердің нәтижесінде қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің көкжиегі кеңейіп, көпжақты қарым-қатынастың даму қарқыны арта түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Түркіменстан халқына бақ-береке тіледі.