ЖАЛЫННЫҢ ЖАНДЫ ӘУЕНІ ЖАН ТЕРБЕТІП…

Жақында Жаңаарқа кентінің Мәдениет үйінде дәстүрлі әнші, қолөнер шебері, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Жалын СЫЗДЫҚОВТЫҢ «Дала үнін жалындата әндеткен» атты шығармашылық кеші өтті. Ердің жасы – елуге толған әншінің ел алдындағы шығармашылық есебі ән өнерінің абыройын асқақтатып, әнсүйер қауымның ыстық ықыласымен әнші мерейін де асқақтатты. Жазиралы Жаңаарқа атырабын Жалын әншінің жанды әуені тербетіп, Сарысудың толқыны ән болып тербелді. Сұңқар Сәкен ақбоз атының дүбірі қалған Иманаққа жеткен ән жаңғырық болып жаһанға тарап жатты.

Осылайша, әннің бесігі, күйдің күмбезі болған Жаңаарқа халқы сұлу әнге сусындап, рухани ләззатқа кенелді.
Кеш тізгінін ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы, айтыстың ақтаңгері Төлеген ЖАМАНОВ ұстады. Төлеген ақынның сөз саптауы мен ән өнеріне деген құрметі, адуынды ақынның сценарийге бағынбай еркін көсілетін шешендігінің өзі кеш шырайын кіргізіп, ажарын ашқандай.
Көрермен қауымды мұхитта жүзіп, теңізге шомылғандай керемет күйге бөлеген ән кешінен алған әсерімізді Сіздермен бөліселік, қадірлі оқырман!

Дәстүрлі әннің дүлдүлі

Жаңаарқа – ән мен күйдің алтын ордасы. Тал-құрағы ән салып, тау мен тасы тамсанып тұратын қасиетті топырақта құдіретті әнге деген талғам бөлек. Әншісі – өрелі, тыңдаушысы – зерделі. Сәкеннің (Сейфуллин) сарқытындай, Игіліктің (Омаров) жалғасы, Қайраттың (Байбосынов) ізбасарындай болған Жалын әншінің шығармашылық кешінде таразы басы тең түсіп, әнші де, тыңдаушы да шабыттың шалқар айдынын кезіп кетті.
«Балдәурен» үлгілі би ансамблінің мың бұралған бишілері сахна төріне көтерілгенде-ақ залды ерекше рух кернеп кеткен. Би аяқталысымен, доғадай иіліп, қоғадай жапырылған биші қыздардың ортасынан үкілі домбырасын қолына алып, қаз ілетін қаршығадай түйіліп шыққан Жалын Айтбекұлының орындауындағы Сәкеннің «Біздің жақтасы» залды кернеген асқақ рухты заңғарларға асқақтатып бара жатты. Көмекейі бүлкілдеген әнші көрерменнен оқшауланып, өзі жеке әлемге айналғысы жоқ. Әнші мен тыңдаушы бір әлемге айналып кеткен. Асқақ үн, асқан шеберлік… Биік дауыс, ноқтаға сыймаса да, нотадан ауытқымаған ырғақ… Халықтың ықыласы, әншінің бақыт құшағындағы бал-бұл жанған жүзі… Осынша келісті көрініс киелі сахна мен талғамы таудай залды тұтастырып жіберді.
Халық әні «Сұржекей».
Мінгенім – дәйім менің Сұржекейім,
Бүлкілдер әнге салсам көмекейім…
Ән табиғаты мен әнші таланты бірін-бірі толықтырып тұр. Жалынды Арқа әнінің Сұржекейі дерсің.
Үшінші орындалған ән – Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әні. Өте жоғары деңгейде орындалды. Әннің бағы ма, әншінің бабы ма, әйтеуір, көрермен үшін орасан олжа болғаны шындық.
Жалынның жалғыз өзін тыңдай берсе де, жалығайын деп отырған ешкім жоқ. Алайда, тізгінші Төлегеннің шешендігі мен шеберлігі шендесіп, Жалын әншіні құрмет тұтып келген меймандардың ыстық ықыласы мен әуезді әні кеш мазмұнын одан әрі байыта түскен. Жүргізуші мен кеш кейіпкерінің ән тарихы, әнші тағдыры жайындағы қысқа ғана сұхбаттарының өзі сұңғыла көрерменнің көңілін аққу қонған көлдей ажарландырып жіберді.

«Ғұмырдария» деген ән бар. Бұл әнді 2009 жылы Жалын Айтбекұлы өзінің өнер жолындағы ұстазы Сенбі Мұхамединге арнайы жаздырған әні еді. Сөзі марқұм Панаш Жүкеновтікі, әнін жазған Жалын Сыздықов. Сәтті шыққан туынды. Сөзі – ойлы, әуені – нәрлі. Егер бұл ән сәтті туынды болмаса, қазақтың талантты қызы, көмейіне бұлбұл құс ұя салған Гүлмира Саринаның репертуарына енбес еді. Сұлу әнді кеш қонағы Гүлмираның орындауында тыңдаған жаңаарқалықтар дуылдата қол соқты.

Жалын – әнші. Сөз жоқ, талантты әнші. Осыдан отыз жыл бұрын деп есептеңіз… Бала мұрты тебіндеген бозбала Жалынды сахнаға кешегі сал-серілердің сарқыты Сенбі (Қарақойшы) Мұхамедин марқұм мен өнердегі ағасы Балтабай Қызыров жетелеп әкелген екен. Содан бері Жалын сахнада жүр. Өсті, жетілді. Шәкірт Жалын ұстаз Жалынға айналды.

Кеш иесінің жергілікті ақын Қоңыртай Асановтың сөзіне жазылған «Боздалам» әнін республикалық байқаулардың лауреаты Бейімбет Сарымсақов, Қалиакпар Әбілдиннің сөзіне жазылған «Туған жер» әнін Сандуғаш Ықсанова орындады. Өнердегі сабақтастық деген осы шығар, бәлкім…

«Сырнайлатып ән салсам…»

Жалын Сыздықов – сегіз қырлы, бір сырлы талант. Дәстүрлі әннің дүлдүлі дедік. Сырнайлатып салған әні – әншінің жаңа қыры. «Бүгінгінің Тайжаны» атанған Жалын бұрнағы жылы Тайжан Қалмағанбетов атындағы республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленген.
Кештің екінші кезеңіне сырнайын асынып шығып, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» әуелетті. Тайжанның «Сақ-сағын» сақылдатты. Шашасына шаң жұқпаған Шашубайдың «Ақ қайыңын» асқақтатты.

Имандылықты серік еткен өнерпаздың тағы бір қыры Ислам дінінің иірімінде жатыр. Келесі кезекте әнші дін тақырыбына жазылған өзінің авторлық туындыларын орындады. Сондай-ақ, Жалынның шәкірті Фархад Жәкіш ұстазының «Иман келтіруін» нақышына келтіре орындап, құлаққа жағымды әуенімен жұртшылықты баурап алды. Мәшһүр-Жүсіптің, Абайдың сөздеріне жазылған әндерінің әлеуеті зор. Әттең, уақытқа тәуелділіктің салдарынан ойлы әндердің үлесі оймақтай ғана болды да, құлақ құрышын да, көңіл құмарын да қандыра алмадық.
Алты ішекті гитара, жеті ішекті гитарамен ән тыңдап жүрміз ғой. Жалынның орындауында үш ішекті домбырамен орындалған әндерді тыңдау да бір бақыт екен. Бұл – талантты жігіттің тағы бір қыры. Ақан Серінің «Маңмаңгері» мен Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұлы» үш ішекті домбыраның күмбірімен жүректерге нұр құйды.
Оркестрдің сүйемелдеуімен орындаған әндерінің орны бір бөлек. Бұл шеберлігін Жалынның тағы бір қыры деп, саусағыңызды бүгіп қойыңыз… «Назқоңыр» халықтық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен Жаңаарқа өнерінің тағы бір жарық жұлдызы Мақпал Сейткамалова Еркін Игенберлиннің сөзіне жазылған Жалынның әні «Жаңаарқа елін» орындаса, кеш иесі халық әндерінен попурри орындап, тыңдарманын тәнті етті.

Жалын әншіні құрмет тұтып, елорда төрінен Гүлназия Бейсенова, алып қала Алматыдан Айбек Мұхамедәлі көл-көсір сый-сияпатымен келді. Айбектің орындауындағы Жалынның «Тұмарымсың» әні кеш көрігін қыздырды. Қарағандыдан ән кешіне арнайы келген Нұрлытаң Саятқызы Жәкеңнің «Жүрегімнің бөлшегі» әніне бейнебаян түсіріп, көрермен ықыласына бөленді. Мәдениет үйінің жас өнерпазы Айдын Ақанбай Жалын Сыздықовтың сөзіне жазылған «Саған жазам жырымды» атты эстрадалық бағыттағы әнін шырқап, Жәкеңнің тағы бір қырын ашқандай болды.
Осылайша әрісі ару Алматы, берісі ажарлы Астанадан, көршілес Қарағанды облысынан арнайы келіп, ән кешіне қатысқан қонақтар кеш аясын республикалық деңгейге көтеріп, әншінің де мерейін өсірді.

Кеш соңына қарай өзі де эстрадалық жанрдағы сезімге толы сырлы әндерін орындап, тіпті, асыл жары Ләззат Нұрланқызы екеуі жұп болып орындаған әндерін көрермен қауым ерекше ықыласпен қабылдады. Екеуінің әнін байыппен тыңдап көрдіңіз бе? Көрсеңіз, бұл жұп әншілікке кездейсоқ келгендерге жатпайды. Бұлар өзіндік ұстанымдары бар, бағыт-бағдары, дауыс бояулары қалыптасып үлгерген, сахна мәдениетін меңгерген жұптар. Қысқасы, жақсы мектеп көргендер.
Маған екеуінің әнін тыңдау – әжептәуір демалыс. Кәдімгідей серпіліс, тынысым кеңейіп қалады. Үні таза құстардың бір мезетте, әр тұстан қосыла ән бастап кететініндей әсер аламын. Екеуінде де дауыс мол.
Қырланған сайын жарқылы көбейе түсетін гауһардай көзді тартып, көңілді аудартады. Оған жасандылықсыз, табиғаты таза болмысты қосыңыз.
Айтпағым, Жалын мен Ләззаттың жүрегі таза, өнердегі жолы таза. Екеуара сыйластықтарының өзі басқаға үлгі болғандай.
Әнін тыңдағандар – әнші деп, жақсылығын көргендер – жанашыр деп, ісі мен кісілігін білетіндер – азамат деп бағалайтын Жалын мен Ләззат – әнімен де, мәнімен де сүйкімді жұп.

Құрмет төрінде

Елу жас та – бір белес. Иығына сырнайын асынып, қолына домбырасын ұстап, Жалын әнші де сол белеске көтерілді.
Халқы құрметтеп, елі қадірлеп жатыр. Өнерпаз үшін бұдан асқан бақыт та, сый да жоқ шығар, сірә…

Аудан әкімі Қанат Қожықаев пен аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин құттықтап, аудан жұртшылығы атынан әншінің иығына оқалы шапан жауып, тақымына ақбоз ат сыйлады.

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Гүлнұр Данбайқызы Жолашарова, «Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Гүлзада Шомаева, халық шығармашылығы бөлімінің басшысы Серік Кәрібайұлы Оспанов, өнердегі ағасы Ғалым Мұхамедин, Ұлытау облысы мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омардың ыстық ықыласын жеткізген Арман Бапанов лебіздерін білдіріп, әншіге лайықты сый-құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, кешке қатыса алмаған қазақ өнерінің қайраткер тұлғалары Бекболат Тілеухан, Аманжол Әлтай және Қыдырәлі мен Қарақат бейнежазба арқылы құттықтауларын жолдап, жиналған жұртты дүр сілкіндірді. Мұның барлығы әнші Жалын Сыздықовқа деген құрметтің өлшемі еді.

Кеш үш сағаттан астам уақытқа созылды. Кешті жүргізген Төлеген Жамановтың шеберлігі сол, бір адам сыртқа ұмтылмай, сөзді де, әнді де ұйып тыңдады. Жалыққан жоқпыз. Керісінше, үш жарым сағаттың өзі келте көрінді.
Кеш соңында Жалын Айтбекұлы айтыс ақтаңгері, белгілі қоғам қайраткері, ақын-журналист Дүйсенбай Жұмасейітұлы марқұмның сөзіне жазылған «Алаш ұраны» әнін тамылжыта орындады. Зал толқып тұр. Бүгінгі кеш иесінің өнеріне деген құрмет, асыл азаматы Дүйсенбай Жұмасейітұлына деген сағыныш толқытты.
Өнерпазын құрметтеудің тамаша үлгісін көрсеткен жазиралы Жаңаарқа Жер-Ананы әнмен әлдилеп тұрғандай. Сәкеннің аманатынан нәр алып, арманынан жаралған осындай болса керек-ті…

Нұргүл ШАМАЕВА,
облыстық «SARYARQA» газетінің Жаңаарқа ауданындағы меншікті тілшісі.