Атқарылған жұмыс – ауқымды

Ұлытау ауданында ауылдар мен кенттер әкімдерінің тұрғындармен есепті кездесулерін бекітілген кестеге сәйкес, жауапты қызметке осыдан үш ай бұрын тағайындалған Терісаққан ауылдық округінің әкімі Алмат ДҮЙСЕНБАЕВ бастап берді. Маңызды жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұржан ОРЫНБАЕВ және бірқатар аудандық мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары қатысты. Аудан әкімдігінің өкілі оған дейін коммуналдық сала нысандарын аралап, жұмыс ахуалымен танысты.

Сөз басында өткен жыл Терісаққан ауылы үшін аса жемісті болғанын айта кеткен жөн. Ауылға жеткізетін жол бойындағы қиындық туындатып келген «Ұлжан сайы» көпірі күрделі жөндеуден өтіп, жаңа суағар құрылғысы салынған. Бұл тұрғындар үшін басты мәселенің бірі болатын. Ауыл ішіндегі көшелер жарықтандырылып, ішкі көлік жолдары жөндеуден өткізілген. Ауызсу мұнарасы талапқа сай ретке келтіріліп, өмір нәрі үзіліссіз әрі кедергісіз берілуде. Сонымен қатар, «Қатысу бюджеті» бағдарламасы арқылы да ауқымы кең, біршама тындырымды жұмыстар атқарылған. Бұлардан бөлек, алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар жоспары да көңілге қонымды.

Ауыл әкімінің есебінен кейін кездесу шарттылығына сәйкес, тұрғындардың өз пікірлерін білдіріп, көңіл төріндегі сауалдарын қоюына мүмкіндік берілді. Соған орай, Жамсат Қорғанбек интернет желісінің қажет екендігін еске салса, ардагер ұстаз Әубәкір Әбдірахманов Ұлы Отан соғысының ардагерлері құрметіне ескерткіш тақта орнату мәселесін көтерді. Сондай-ақ, Серік Ахметалин зейнетақыға қатысты сұрақ қойса, Ақжол Қарин өзінің жеке басына байланысты сауалын ортаға салды. Сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарылды.

Өз кезегінде зейнеткер Қатша Шамжан ауыл әкімінің жаңа қызметке кіріскеннен бергі әрекетіне шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Жиынға қатысушы қауымның ардагер ананың бата-тілегіне қолдау білдіретіні айқын аңғарылды.

Есепті кездесу түйінінде аудан әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев ортақ мүдделі жұмыстарды қолға алар сәтте оған іскер кәсіпкерлерді тарту жайы мен жергілікті қоғамдастық өкілдерімен бірлесе қимылдау қажеттілігін атап өтті. Бірлік қашанда берекенің негізі боларына назар аударып, ауыл тұрғындарына жемісті еңбек тіледі.

Жасұлан АЯШЕВ

ТЕРІСАҚҚАН ауылы.