Теріс пиғылды діни ағымдардың белгілері қандай?
Деструктивті діни ағымдар – үстемдігін күшейту үшін өз жақтаушыларын пайдаланып, діни, діни-саяси, психотерапиялық, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мəдени жəне басқа да іс-шаралар арқылы өздерінің ниеттерін жасырын насихаттайтын авторитарлық ұйым.
Дін атын жамылған ағымдар қатарын жаңа мүшелермен толықтырып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай-ақ, бейэтикалық тəсілмен жеке тұлғаны бағындырып, психологиялық қысым көрсету, қорқыту арқылы мүшелерді ұйымда ұстап қалудың əртүрлі жолдарын қарастырады.
Олар осылайша адамның тұрмыс қалпын, еркін, ақпарат пен дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Заңсыз əрі мамандандырылмаған медициналық қызметпен айналысып, сенушілерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген теріс пиғылды ағымдар да бар.
Бұл ағымдар ұйым мүшелерінің құқығын бұзып, «сананы бақылау» əдісі арқылы денсаулығына, психикасына зиянын тигізеді. Көптеген миссионерлер жергілікті халық көп шоғырланған елді мекендерде тұрып, қызметтерін табысты атқару үшін сол халықтың тілін, əдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын жеткілікті деңгейде зерттеп, үйренеді.
Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани күйзелісте жүргендер, жеке басы мен отбасының психологиялық қиындықтарына төзе алмағандар, дəстүрлі діндерді терең білмейтіндер, əсіресе өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған жастар теріс пиғылды ағымдар идеологиясына тез арбалады.
Дін атын жамылып, дүнияуи мақсаттарды көздеген, прозелитизммен белсенді айналысып, сенушілерді дəстүрлі діндерден ажыратуды мақсат еткен теріс пиғылды жат ағымдар жүргізген идеологиялық шабуылдардың бірі – қазақ ұлтын христиандықпен ежелден етене байланысқан ел секілді көрсетіп, мəсіхшілікті ата діннен айырғысыз етіп дəріптеу, Тəурат пен Інжілдегі Құранмен сəйкестіктерді өз мақсаттарына пайдаланып, исламды христиандық конфессиялардың берісі – көшірмесі, арысы бұрмаланған нұсқасы ретінде танытуға тырысу əрекеттеріне бағытталуда.
Дін атын жамылған радикалды жəне теріс пиғылды ағымдардың белсенді əрекетінің салдарынан дəстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйзеліске ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Осы типтегі ағымдар діни бірлестік ретінде тіркелмей идеологиялық тəсілдерді пайдаланатындықтан, оларға қарсы күрестің негізгі жолы да идеологиялық ағартушаралары болып отыр.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен басқа да заңнамаларының нормаларына қайшы іс-əрекет жасаған, ел азаматтарының ар-ождан бостандығы мен діни сеніміне нұқсан келтіріп, өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, отбасының бұзылуына себепкер болған, тағы басқа заңға қайшы іс-əрекеттер жасағаны анықталған теріс пиғылды діни ағымдардың ел аумағындағы қызметіне сот шешімімен тыйым салынады.
Ұлытау ауданының ішкі саясат бөлімі.