ДАРЫНДЫ БАЛА. САПАЛЫ БІЛІМ. АДАЛ ҰРПАҚ. Тамыз кеңесі осы тақырыптарды талқылады

Өткен аптада Республикалық білім саласы қызметкерлерінің дəстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Бұрнағы жылдардан мүлдем өзгеше стильде өткен мəслихатта мұғалімдер бірқатар мəселені талқылап, өзара пікір алмасып, ой бөлісті. Мұның бəрі жылдағыдай жеке-жеке емес, бір жерде тоқайласқан жиында жан-жақты көрініс тапты.

Сонымен, жаңа форматта ұйымдастырылған тамыз кеңесінде 20 өңірге тақырыптық бағыттар белгіленді. Біздің Ұлытау облысында аталмыш шара «Дарынды балалар – ұлт мақтанышы» тақырыбындағы секциялық отырыстан бастау алды. Оған өңірімізден 300-ге жуық педагог тартылды.

Секциялық жұмыстарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлназ Сүлейменова, «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов арнайы келіп қатысты. Секциялық отырыстарға облысымыздың 200 педагогі мен республиканың басқа аймақтарынан келген 100-ге жуық педагогтер, эксперттер, ғалымдар, менеджерлер өздерінің тəжірибелерімен бөлісті. Онда 6 бағытта 16 спикер өздерінің ғылыми зерттеулерін, тəжірибесін, сараптамасын жəне жобаларын ортаға салды.

Сессияаралық үзілісте Ұлытау облысы педагогтерінің тəжірибесін бөлісуге арналған crunch сессия өтті. Сессияда 25 білім беру ұйымы озық педагогикалық зерттеулерімен бөлісті, воркшоптар, интерактивті диалогтар, демонстрациялық презентациялар ұйымдастырылды.

Тамыз мəслихаты шеңберінде сондай-ақ, «Ұлытау білімі: талдау, əрекет, жоспар» тақырыбындағы облыстық кеңес те өтті. Кеңеске ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлназ Сүлейменова жəне Ұлытау облысы əкімінің аппарат жетекшісі Абзал Жайлыбаев төрағалық етті. Жиында білім саласын дамытудың жай-күйі, стратегиялық мақсаттар, бала құқығын қорғау мəселелері талқыланды.

Мұнда Гүлназ Сүлейменова «Əділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында баяндама жасап, білім саласын дамытуға жəне балалар құқығын қорғауға бағытталған стратегиялық міндеттерге тоқталса, Ұлытау облысының білім саласындағы өзгерістер мен жаңа оқу жылындағы атқарылатын жұмыстар туралы «Ұлытау білімі: талдау, əрекет, жоспар» тақырыбында Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Тулекова баяндады.

Сондай-ақ, «Qazbilim GROUP» компаниясының басқарма төрағасы, шебер-педагог, PhD химик Аятжан Ахметжан «Дарынды ұрпақ – ұлт қуаты» тақырыбында, «Өрлеу» біліктілік арттырудың ұлттық орталығы Ұлытау облысы бойынша өкілдігінің оқу ісі жөніндегі бас маманы Мадина Мамбетбаева «Білім сапасын көтеруде педагогтардың кəсіби құзыреттіліктерін дамытуға үздіксіз қолдау көрсету» тақырыбында, Ұлытау облысы бойынша бала құқығын қорғау уəкілі Гүлмира Жаппасова «Бақытты бала – бақытты ел» тақырыбында, Ұлытау облысы полиция департаментінің ЖПҚБ бастығының орынбасары Ерғали Қожабеков «Жасөспірім жəне заң» тақырыбында, Ustudy тестілеу орталығының директоры Самат Жолканов білім алушылардың да, педагогтердің де білімін бағалау жұмысын жетілдіру бойынша баяндама жасады.

Кеңес соңында бір топ үздік педагогтерге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары тапсырылды.

Республикалық тамыз кеңесінің «Дарынды балалар – ұлт мақтанышы» бағытындағы пленарлық отырысына Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы қатысты.
Пленарлық отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бейнебайланыс арқылы Ел Президентінің құттықтауын жеткізді.

– Біз ҚР Оқу-ағарту министрлігімен Ұлытау облысын дамытудың аймақтық жол картасын бекіттік. Аталған құжатта білім беру нысандарын модернизациялау, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттар қамтылды. Биылдың өзінде 47 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында Жезқазған қаласында «Зерделі» жекеменшік алғашқы мектеп ашылмақшы. Мектептер желісін ұлғайту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шеңберінде 6 мектеп салынады, оның алғашқысының құрылысы биыл Жезқазғандағы Қабанбай шағын ауданында басталды, – деді өз сөзінде облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы. Жиында Оқу-ағарту министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті төрағасының орынбасары Гүлназ Сүлейменова, Ұлытау облысы жəне өзге де өңірлердің педагогтері баяндама жасады.

Сондай-ақ келуші қонақтардың назарына Ұлытау облысындағы білім ошақтары оқушыларының қолынан шыққан үздік туындылары таныстырылды.

Аманкелді АҚШАЛ.