САЯСИ НАУҚАН: ӘДІЛДІК ПЕН ТӘРТІП САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

Кеше ғана өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқанының еліміз тарихында жоғары деңгейде ұйымдастырылған және де халықаралық талаптарға барынша арқа сүйеген саяси іс-шара ретінде қалатыны айдан анық.

Шынтуайтына келгенде, бұл сайлау биыл Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін Қазақстанның демократиялық даму жолын таңдап, өркениет көшіне біржолата бет түзегенін көрсетті.

Әлбетте, бірнеше саяси партия додаға түсіп, бәсекелестік болған жерде түрлі пікірлердің айтылуын заңдылық деп санауға болады және бұған түсіністікпен қараған да жөн. Дегенмен, еліміздің көшбасшы саяси ұйымы – «Nur Otan» партиясының сайлау аламанында өзгелерден оқ бойы озық болғанына күмән келтірушілерге қайран қалмасқа амал жоқ.

Негізінде, бұл сайлауға түскен партиялардың бәріне де тең мүмкіндіктер берілгенін айта кеткен абзал. Ал саяси науқанның алдында ғана құрылған кейбір жас партиялардың аз дауыс алғанына кейістік білдірудің еш қажеті жоқ деген ойдамыз. Мұндай саяси додада әбден ысылған, тәжірибесі толысқан, ел ішінде беделі зор алып партияға лайықты бәселекелес бола алмаса, соған бола өкпе-реніш білдіріп, маңызды іс-шараға күйе жағу – абырой әпермейтін әрекет деп білеміз.

Керісінше, өткеннен сабақ алып, өсудің, жетілудің жолына түскен жөн. Саясаттың жолы – ауыр, сынағы – қатаң. Яғни, ертеңгі күнге үмітпен қарап, ел мүддесіне қызмет ету үшін тер төгу, сайлаушылардың сеніміне кіру – еліміздегі әрбір саяси партияның айқын мақсаты, асқақ арманы болса керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – кешегі өткен аса маңызды саяси іс-шараның әділ және халықаралық талаптарға сай ұйымдастырылуы жағынан Қазақстанның әлемдік қоғамдастық алдындағы жағымды имиджін жақсарта түсті деп айтуға толық негіз бар.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,

Қарағанды облысы әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі.