ҰЛЫТАУ: Жолаушылар автобусы сайлау учаскесіне арнайы бұрылды
Жолға жүру кестесі сайлауда дауыс беру мерзімінің басталуымен сәйкес келген «Қарсақбай-Жезқазған» бағытындағы жолаушылар автобусы кенттегі екі сайлау учаскесіне арнайы бұрылып, сапарға сайлаушылар өз таңдауын жасаған соң аттанды.
Осы орайда, жолаушылар дауыс беру мүмкіндігін тудырған «ТрансМакс» жеке кәсіпкерлігінің иесі Мақсұт Ахметбековке риясыз ризашылықтарын білдіргенін айта кеткен жөн.
-Сайлау учаскелеріне арнайы бұрылу жөніндегі тапсырма жергілікті әкімдікпен келісім негізінде басшылық тарапынан түсті. Осы талаптың жолға шығуға қамданған азаматтардың тілегімен үндес шыққаны мені кәдімгідей марқайтты. Мұндай сәтте қасаң қағиданы ысырып қойып, оңтайлы шешім қабылдау – бір ғанибет шаруа, – дейді автобус жүргізушісі Қайрат Әбілдинов.
Өз тілшімізден.