Берік Әбдіғалиұлы «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті

Ұлытау облысына жұмыс сапарымен «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев келді. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Қанат Шарлапаевтың кездесуінде агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлікті қолдауға қатысты бірқатар мәселе талқыланды.

Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жыл басынан жалпы құны 6 млрд. 984 млн. теңгеге (2022 жыл 6 айы – 4,2 млрд.тг) 182 жоба қолдау тапты. Қолдау жасалған қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға өскен.

Өңір басшысы «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасына «ҚазАгроҚаржы» АҚ Ұлытау облысындағы филиалын ашу мәселесін қарастыру туралы өтініш білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, қазір біздің өңірдің фермерлері мемлекеттік қолдау алу үшін «ҚазАгроҚаржы» Қарағанды филиалына баруға мәжбүр.

Сондай-ақ, Берік Әбдіғалиұлы облысымыздың шаруа қожалықтарын қаржыландыру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесін көтерді.

Тағы бір маңызды мәселе – Жезқазғанда 2024 жылдан бастап бұрынғыдай моноқала мәртебесі болмайды. Сәйкесінше, өңір кәсіпкерлерінің салалық шектеулерсіз жеңілдікті несие алу мүмкіндігі болмайды. Облыс әкімі 2024 жылы Жезқазған қаласының кәсіпкерлерін қолдау үшін аумақтық бағдарламаны іске қосуды ұсынды.