ҰЛЫТАУ. ӘКІМ ГРАНТЫ: Жаңа шаштараз ашылды
Ұлытау ауданы әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 750 мың теңге сомасындағы қайтарымсыз грантын ұтып алған Рысбек НҰРҒАЛИҰЛЫ аудан орталығында өзі бұған дейін іске қосып, тұрғындар кәдесіне жарап тұрған «Керемет» моншасының ішінен шаштараз ашты. Жаңа кәсіпкерлік нысанның тұсаукесеріне аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ арнайы қатысып, оның иесіне сәтттілік тіледі. Еңбек ардагері Ғазиз ӘБІЛОВПЕН бірге лентасын қиды.
Шаштараз заманауи құрал-жабдықтармен жеткілікті деңгейде жабдықталған. Бір мезетте бірнеше адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Жұмыс кестесі моншаның тұрғындарды қабылдау күндеріне сәйкестендірілген, яғни, әр аптаның сенбі және жексенбі күндері қызмет етеді.
Біз орайлы сәтте ортасына іскерлік қабілетімен танылған жас кәсіпкерді әңгіме тартқан едік. «Осыдан екі жылдай уақыт бұрын аудан орталығында «Керемет» атты монша ашқан едім. Оның қызметін тұтынушылар қатары уақыт санап артып келеді. Шаштараз ашуым – уақыт талабы. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы, себебі, моншаға келгендер тек қана жуынып ғана қоймай, шаштарын да қидыра алады. Кәсібімді кеңейтуге қолдау көрсеткен аудан әкіміне айтар алғысым шексіз. Енді бұл жерде қосымша екі тұрақты жұмыс орыны ашылады», – деді Рысбек Нұрғалиұлы.
Сөз қисыны келгенде бұл мемлекеттік қолдау негізінде аудан орталығында ашылған екінші монша екенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта аудан әкімінің өткен жылы берілген гранты есебінен басқа да ауылдық округтерде дәл осындай моншалар ашылатын болады.
Жасұлан АЯШЕВ.