ТІЛСІЗ ЖАУҒА – ТИЯНАҚТЫ ТОСҚАУЫЛ
Ұлытау облысында өрт қаупінің алдын алу мақсатында бірлескен жұмыстар жүргізілуде, соған қарамастан шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе бар. Бұл жайында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппараттық жиында ТЖД-нің басшысы Есен Байыров баян етті.
Белгілі болғандай, Түгіскен, Ақтау, Айнабұлақ, Шеңбер, Байқоңыр елдімекендеріндегі өрт сөндіру автокөліктері жарамсыз күйде. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдігінің есебінде «Ермак» және «Алтеко» жоғары қысымды қондырғылары бар, бірақ өрт орындарына тасымалдау жолдары қарастырылмаған.
Осы орайда Берік Әбдіғалиұлы істен шыққан өрт сөндіру техникаларын қалыпқа келтіру және төтенше жағдайға дайын болу үшін Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаевқа ескерту жасап, бір апта уақыт берді.
Жиында Жангелдин, Шеңбер, Терісаққан ауылдық округтерінде өрт сөндіру автотехникасы мен мотопомпаларын сақтау орындары мүлдем жоқ екендігі де айтылды. Аталған мәселеге қатысты өңір басшысы Шеңбер ауылындағы мектеп қазандығын, Терісаққан ауылындағы бұрынғы машина трактор жөндеу шеберханасының ескі ғимаратын пайдалануға тапсырма берді.
Жангелдин ауылдық округінде автотехника сақтау орнын қарастыруды Ұлытау аудандық әкімдігіне тапсырды. Одан бөлек облыс әкімі өрт сөндірушілердің қорғаныш киімдері түгел болуы шарт екенін жеткізді.