КҮРДЕЛІ ОТА СӘТТІ ӨТТІ

Соңғы үш жылда өмірімізге енген МӘМС жүйесі травматология саласында жаңашыл жобаларды енгізуге мүмкіндік берді. Атап айтар болсақ, бүгінде аз инвазивті жедел техниканы қолдану арқылы сынған сүйектерді бір айдың ішінде қалпына келтіруге болады.

Бұл хирургиялық әдісті күнбе-күн қолданып жүрген Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың политравма бөлімінің меңгерушісі Рүстем Нысанбаев кеше ғана Алғабас ауылының тұрғынын мүгедектіктен сақтап қалды.
– Жамбас сүйегінің сынуы – қарт адамдар арасында ең көп таралған жарақаттың түрі. Әрі мұндай кезде уақытында мамандандырылған көмек көрсетілмесе науқас төсек тартып, қимылсыз қалуы, тіпті кейде өліп кетуі де ықтимал. Ертеректе жамбас сынығын емдеу үшін дәрігерлерге 20 см-лік тілік жасау керек болатын. Сүйек бітіп кетуі үшін гипс таңғышын салып, науқас онымен 6 ай тағы жататын. Осылайша, науқастың аяққа тұрып кетуі үшін 1 жылдай уақыт қажеттін. Қазір оңалуға 1 ай жеткілікті. Тіліктің орнына көлемі бір сантиметрге жетер жетпес тесік жасалады. Ота кезінде еуропалық хирургиялық шығын материалдары қолданылады. Аталмыш жарақаттар әлемнің алдыңғы қатарлы елдері Германия, Ресейде де дәл осы әдіспен емделеді , – деген қолы алтын дәрігер науқас Қадиша Бименова бес күннен кейін бала-шағасының ортасынына оралатынын жеткізді.
Бие сауынына барып, жамбасын сындырған кейуананың қазір жағдайы жақсы. Отаны сәтті жүргізген Рүстем Нысанбаев бастаған ординаторлар Олег Майслер мен Нұрәлі Сайдуллаевқа ақ тілегін үйіп-төгіп отыр.
– Ақ халаттылардың арқасында аман қалып отырмын. Дәрігерлердің бізге деген қарым-қатынасы, медбибілердің жанашырлығы мен қызмет көрсетуінде, бөлімдегі тазалықта, тамақтандыруында бір мін жоқ. Менің оларға деген алғысым шексіз. Өркендері өссін!, — деді.
Осындай жоғары технологиялық ота жасату бүгінде МӘМС есебінен сақтандырылған азаматтарға – қолжетімді. Жеке меңшік клиникаларда құны 480 мыңнан басталатын ота Қадиша апайға тегін жасалды. Себебі, ол – сақтандырылған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі.