Қымбатты Ұлытау ауданының тұрғындары!
Қазақстанның алтын ғасырының тағы бір жылын тарих қойнауына жіберіп, жаңа – 2021 жылдың табалдырығын аттадық . Жаңа жыл – кеудемізде ертеңгі күннің оты маздап, жаңа арман, жаңа мақсаттарға жол ашар үмітті сәт.
Әр жылды шығарып салып тұрып өткенді ой елегінен өткізіп, жарқын жаңалықтарды, ерекше оқиғаларды еске аламыз. 2020 жылдың қорытындылары туралы айтқанда коронавирус пандемиясының салдарын айналып өте алмаймыз. Өткен жыл бәріміз үшін күрделі болды. Десек те, өміріміздің біршама жарқын сәттері осы жылы орын алды.
Карантин кезіндегі қажырлы еңбегіміз, кәсіби жетістіктеріміз, маңызды әрі батыл шешімдеріміз – соның куәсі. Әрқайсымыз қиындықтарды жеңуге және жаңа 2021 жылға сенімді қадам басуға қолымыздан келгенінше үлес қостық. Бір-бірімізге қолдау танытып, кедергілерге қарсы тұра алдық. Алға жылжыдық, белгіленген жоспарларды іске асырдық. Жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылыс қарқынды жүрді. Көптеген нысандар бой көтеріп, әлеуметтік мәні зор ірі жобалар іске асырылды. Жолдар жаңартылып, мектеп, клуб үйлері күрделі жөндеуден өтті. Егін бітік шығып, қамбамыз астыққа толды.
Төрге озған 2021 жыл еліміз үшін ерекше жыл болғалы тұр. Биыл, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Мерейтойлы жыл Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауымен басталғалы тұр.
Қымбатты жерлестер!
Жаңа жыл құтты болсын!
Бәріңізге ортақ бірлік, ынтымағы ыдырамаған береке тілейміз.
Әр отбасында жылулық пен жайлылық үстемдік құрып, жүректеріңізге қуаныш ұяласын! Жыл бойы бақыт дәмін сезініп, жарқын жеңістер мен тың жетістіктерге жете беріңіздер!
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Талғат СЕЙТЖАНОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.