Мақсаты – туризмді түлету
Аудандық «Nur Otan» партиясы штабының ұйымдастыруымен облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ кент, село тұрғындарымен кездесті.
Диалог форматында өткен бұл кездесуде Б.Қожахметов «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын сайлаушыларға түсіндірді. Бұл бағдарламаның әр облысна, қала мен ауданға жеке-жеке қарастырылғанын айтты.
Тұрғындармен өткен кездесу халықтың көңіліне қонымды болды. Үміткер өз бағдарламасында Ұлытау туризмін дамытуға байланысты бірнеше жобалар дайындағанын жеткізді. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы туризм саласын дамытуға мүмкіндік беріп тұрған, сәті түссе біраз жобаларды іске асыруға өзінің дайын екенін айтты.
Шынында да, туризм түлесе табыс көзі ашылары сөзсіз. Өйткені, әлемдік экономикада туризм басты рөл атқаратыны белгілі. Ұлытау өңірі де туризмге сұранып тұрған аймақ. Қазақтың кие тұтқан қасиетті жерлерінің бірі. Қазірдің өзінде өңірде 736 архитектуралық ескерткіштер, оның ішінде республикалық маңызға ие 11 ескерткіш бар. Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізіміне Ұлытаудан 9 ескерткіш енгізілген. Қазақ хандарының, атақты тайпа көсемдерінің мүрделері жерленген жер. Басқаны айтпағанда, Жошы мазары төңірегіндегі қорымдарда Үш Жүздің әйгілі тайпалары мен руларының таңбалары бар. Ел қамын жеген ер Едігенің мәңгілік тыныс тапқан мекені де осы – Ұлытау. Әріден айтсақ, Ұлытау тарихы мыңжылдық. Өлкеміздегі Домбауыл кешені әлі күнге дейін тарихы ашылмаған ғұрыптық ескерткіш. Қазақстандағы ең ерекше кешен болып саналады. Ал, тарихшылардың айтуынша, бұл жер ертеректе оғыз-түрік заманындағы ірі орталық болған деседі. Бұдан басқа да Ұлытау өңірінде 7-8 үйтастар бар. Осындай наным-сенімге сүйеніп, бұл жерді бабаларымыз киелі жер деп айтуы тегіннен-тегін емес. Әсіресе, Ұлытаудың ең биік шыңы – Әулиетауды әлемдік деңгейдегі киелі тау қатарына жатқызуға болады. Бұл тау сақ заманындағы көсемдер қоныс тепкен орын. Тәңірмен тілдескен нүкте деп саналған. Осы күнге дейін жұрт Әулиетауға басын иіп, тағзым етеді.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Ұлытаудың ұлылығын дәріптеп, бұл өңірге ерекше назар аударғаны да сондықтан. Дәл бүгін бүкіл ұлттың назары Ұлытауға ауып тұр. Егер, Ұлытау жері туризм орталығына айналса, туристердің келетіні де белгілі. Осыған орай, Ұлытауда былтырдан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. Әлі де жалғасатындары бар. Бұған «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бағыттар септігін тигізу әбден мүмкін. Осыны негізге алған облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Б.Қожахметов туризмді дамытуда ауқымды жұмыстар атқаратынын жеткізді.
– Бұған дейін де аз жұмыстар атқарылған жоқ. Елбасы Н.Назарбаевтың «Еуразиялық одақ» жобасын іске асыру аясында Қазақстан, Ресей, Украина және Венгрия жерлерінде бітімгершілік акциялары жүргізіліп, «Алтай-Дунай» халықаралық бітімгершілік экспедициясы жүзеге асырылды. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне «Қазақ жылқышыларының дәстүрі, көктемгі мерекелік жоралғылары» номинациясы да енгізілді. Ұлытау ауданының орталығында туристерге арналған Сапар орталығы салынды. Ендігі мақсат – Ұлытау туризмін дамытуға әлеуеті зор партияның мүмкіндігін пайдалану. Өйткені, «Nur Otan» партиясы бағдарламасында туризм саласын дамытуға байланысты бірнеше бағыттар қарастырылған, – деді өз сөзінде Б.Қожахметов.
Кездесу барысында осы мәселе кеңінен сөз болып, шараға қатысушылардың да көңіліне ой салып, келешекке деген үмітін оятты. Тұрғындар осы бағытта сауалдарын да қойып, тұщымды жауап алды.
Жасыратыны жоқ, диалог форматында өткен кездесу тұрғындардың болашаққа деген қызығушылығын арттырды. Жұртшылық «Nur Otan» партиясын қолдайтындықтарын айтып, партияға сенім білдірді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
(Материалды жариялау төлемақысы «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының қорынан төленді)