120 тұрғынның мəселесі тыңдалды

Бейсенбі күні Жезқазған қаласындағы Достық үйінде Ұлытау облысы азаматтарын қабылдаудың бірыңғай күні өтті. Тұрғындарды жеке мəселелерімен қабылдау іс-шарасына Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ, облыс прокуроры, облыстық басқарма басшылары, полиция департаментінің басшылары қатысты.

Бірыңғай қабылдау күнінде Ұлытау облысы бойынша 120-дан астам адам келді. Олардың ішінде 119 адам түрлі басқармалардың қабылдауында болса, 27 тұрғынды облыс əкіміне өзі қабылдап, мəселелерін тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі жергілікті билік өкілдеріне тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жер жəне баспана кезегі т.б. мəселесі бойынша жүгінді.

Айта кету керек, аталған ауқымды іс-шара Ұлытау облысында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні алдағы уақытта əр тоқсан сайын ұйымдастырылады.

Ізбасар ОЙБАС.