Ауылымыз — дамудың даңғыл жолында

Қаракеңгір ауылдық округі әкімі Жалғас Төренің 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы қорытынды есебі

Әлеуметтік сала бойынша жыл басынан бері Ұлытау аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына 32 жұмыссыз азамат жұмыссыздар базасына тіркеліп, қазіргі кезде барлығы қоғамдық жұмысқа қатысып жүр. «Жұмыспен қамтудың 2020» бағдарламасы аясында екі ғимараттың жөндеу жұмыстарына Ұлытау аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы мектепке — 6 адам, мәдениет үйіне 7 азамат жұмысқа тартылды. Биылғы жылу маусымында «enbek kz» электронды еңбек биржасына бос жұмыс орындарына вакансия жарияланып, Ұлытау ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен мектепке 8 адам, мәдениет үйіне 2 адам, әкімдік ғимаратына 2 адам маусымдық жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы жыл басынан бері 6 отбасына берілсе, екінші жарты жылдықта 1 отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды. Ай сайын АӘК алушылардың балаларына Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы әлеуметтік пакет беріліп отыр. Қыркүйек айынан бастап кепілдендірілген әлеуметтік пакетке тапсырысты атаулы әлеуметтік көмек алушы өзі береді.

2020 жылдың тамыз айының 15-16 жұлдызында Жезқазған қаласынан жылжымалы медициналық кешен келіп дәрігерлер ауыл тұрғындарын арнайы тексеруден өткізді.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша биылғы жылғы аудан әкімінің грантына Қаракеңгір ауылынан Естай Алтынай есімді азаматша Ұлытау ауданының жастар ресурстық орталығына шағын кондитерлік өнім дайындайтын цех ашуға бизнес – жоспар құрып, 1500 млн алуға құжаттарын өткізген болатын. Комиссияның шешімі бойынша 700 мың теңге грант алды. 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні мерекесінде аталған жеке кәсіптің ашылу салтанаты өткізілді. Бүгінгі таңда әртүрлі кондитерлік өнімдерді дайындауға әзір. Жеке кәсіпкердің алдағы жылдары осы бизнесін кеңейту жоспары бар.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға бөлінген мемлекеттік грантты ауылдық округ бойынша 8 адам алды, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілген мемлекеттік грант ірі қара мал-және жылқы малын сатып алуға пайдаланылды. Гранттың жалпы сомасы — 4 444 800 теңгені құрайды.

Коммуналдық сала бойынша Қаракеңгір селолық округінде аудан әкімінің көктемгі екі айлықты өткізу туралы өкіміне сәйкес бойынша абаттандыру, көгалдандыру санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді, тазалық жұмыстарына барлық мекемелер қатысып, өздеріне бекітіп берген участоктарға тазалық жұмыстарын жүргізді. Қыстан шыққан 460 тн арнайы ТҚҚ полигонына шығарылды.

Бозтұмсық селосындағы су құбыры жоқ көшеге ауызсу құбырларымен жабдықтауға аудандық бюджеттен 7 млн 800 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары қыркүйек айында жүргізіліп, толығымен аяқтады. 19 тұрғын үй су құбырын үйлеріне тартып, таза ауызсуға қол жеткізіп отыр.

Биылғы жылы абаттандыру жұмыстарына 1 млн 500 мың теңге қаржы бөлініп, балалар ойын алаңы, баскетбол, волейбол ойын алаңдары жөнделіп, сырланды және көше жарықтары айырбасталды.

Қаракеңгір ауылына аудандық бюджеттен 23 млн 781 мың теңге бөлініп, 850 метрге ауылдың ішкі жолдарына асфальт төселінді.

«Қаракеңгір –Ұлытау» бағытындағы көтерме тас жолға облыстық бюджеттен 956 млн теңге бөлініп, 16 шақырым жолды асфальттау жұмыстары жүргізілді.

Мемлекеттік бағдарлама аясында ауылға «Қазақтелеком» АҚ-ы арқылы кең жолақты интернет желісі тартылды және ауылдағы үш мекемені (Әкімдік, мектеп, ОДА) интернет желісіне қосты. Тұрғын үйлерден 88 абонент үйлеріне интернет желісін қостырды. «Билайн» ұялы байланыс қондырғысын орнату үшін инфрақұрылым әзірлеу жұмыстары жүргізілді, олар: жер телімі құжаттары заңдастырылып, электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 250 метр электр сымы тартылды. «Кар-тел» ЖШС-і арқылы белгіленген орынға контейнер орнатылып, ішіне қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Қазіргі уақытта контейнердің үстіне антенна және сыртына қоршауы орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында «Қазақтелеком» АҚ арқылы «Теле-2» ұялы байланыс қондырғысын орнату үшін жер телімінің құжаттары дайындалды, алдағы уақытта қондырғыны орнату жұмыстары жүргізілетін болады.

Село орталығынан 3 тұрғын үй мен 1 мал қора орны белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Село тұрғыны 1 мал бордақылау алаңын салуға құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде.

«Жұмыспен қамтудың 2020» бағдарламасы аясында «№4 Қаракеңгір ЖОББМ» КММ-сіне аудандық бюджеттен жалпы соммасы 56млн 447 мың теңге қаржы жөндеу жұмыстарына бөлінді. Оның ішінде:

  1. Мектеп ғимаратының ішкі жөндеу жұмыстарына – 39 млн 200 мың теңге
  2. Дәретхана жүйесін орнатуға – 3 млн 897 мың теңге
  3. Ғимараттың шатырын ауырбастауға – 13 млн 350 мың теңге

Қаракеңгір мәдениет үйіне «жұмыспен қамтудың 2020» бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен барлығы 38 млн 80 мың теңге қаражат жөндеу жұмыстарына бөлінді. Оның ішінде:

  1. Ғимараттың шатырын айырбастау, ішкі, сыртқы бетіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге – 29 млн 120 мың теңге.
  2. Ғимараттың қоршау жұмыстарын жүргізуге – 8 млн 960 мың теңге.

Ауылшаруашылығы саласында 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында мал басының өсуі өткен жылмен салыстырғанда ірі-қара малы — 100 пайыз, ұсақ мал — 111 пайыз, жылқы — 102 пайыз, құс — 100 пайызға орындалды.

«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан ауылшаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие алғандар:

1.«Егизтаев» шаруа қожалығы 4 млн теңге несие алып 9 бас жылқы малын сатып алды.

2.«Мусабеков» шаруа қожалығы 6 млн теңгеге 15 бас жылқы малын сатып алды.

3.«Мансұр» жеке кәсібі 4 млн теңге 9 бас жылқы малын сатып алды.

Сондай-ақ, «Бидай» шаруа қожалығының иегері Хамыстханов Хусейн Богданович «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекеттен 30 млн теңге несие алып шаруашылығын дамытып, жүргізіп жатыр.

«Асылмұрат» шаруа қожалығы иегері Б.Есназаров 41 млн 690 мың теңге несие алып 31 млн 290 мың теңгеге Бұхар Жырау ауданынан 50 бас «Герефорд» асыл тұқымды аналық сиыр малын сатып алып, мал басын көбейтуді қолға алды. Қазіргі уақытта 8 млн 400 мың теңгеге МТЗ-82 тракторын барлық құрал-жабдықтарын алуға жұмыс жүргізуде.

«Бекетай-баба» шаруа қожалығы 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 67 млн теңге несие алып, 2020 жылы Ақмола облысынан 104 бас асыл тұқымды «Герефорд» аналық сиыр малын сатып алды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында «Мурат Энерджи» ЖШС-гі арқылы 20 шаруа қожалық скважина қаздырып ауылшаруашылық жануарларын таза сумен суаруға қол жеткізіп отыр.

2020-2021 жылға мал қыстатуға жем-шөп дайындау барысы бойынша жоспарланған 17000 тн шөптің (16800 тн) 98 пайызы шабылып қыстақтарға тасылды, сондай-ақ Бозтұмсық селосы тұрғындарының да 92 пайызы қысқы шөптерін түсірді.

Егін шаруашылығымен айналысатын 12 шаруа қожалық бар. 2020 жылғы егілген егістік көлемі 13250 га, оның ішінде бидай – 8870 га, арпа – 4380 га.

Жайылымдық және шабындық жерлерді электронды картаға енгізу бойынша Qoldau.kz сайтына Қаракеңгір селолық округі бойынша 75 шаруа қожалықтың жер телімдері кіргізілген. Селолық округ бойынша барлық жайылымдық жер – 220354 га, орындалысы – 191243,47 га 86,7%

Коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай бойынша 2020 жылдың 16 наурызынан бастап елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты Қаракеңгір селолық округі бойынша төтенше жағдай тәртібі толығымен сақталды. Пандемия кезінде селолық округте жеті адам ауырып, емделіп шықты. Коронавируске байланысты карантиндік шектеулер туралы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді және селодағы 4 азық-түлік дүкендері халық тұтынатын әлеуметтік азық-түлік қорымен қамтамасыз етілді.

Коронавирус пандемиясының екінші толқынының алдын алуға ауылдық округ бойынша жұмысшы тобы құрылып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Дүкендер мен қоғамдық орындарда санитарлық тәртіптің қатаң сақталу керектігі ескертіліп, қадағалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Дала өртінің алдын алу бойынша село әкімінің 10.02.2020 жылғы №02Ө санды өкіміне сәйкес жедел топ күш құрамы құрылды. Сонымен қатар селолық округ бойынша 34 адамнан тұратын еріктілер тобы құрылды. Жыл басынан бастап селолық округ бойынша 9 дала өрті тіркеліп, аудандық өрт сөндіру бөлімі, құрылған ерікті өрт сөндірушілер құрамы және еріктілердің қатысуымен төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары жүргізілді.

Қаракеңгір ауылдық округінің даму бағдарламасының орындалу шеңберінде аудан әкімінің өкімімен Бозтұмсық ауылында өрт сөндіру бекеті құрылды. Өрт сөндіру бекетін материалдық – техникалық жарақтандыру мақсатында жоғары қысымды өрт сөндіру қондырғысы «ЕРМАК» комплектісі аудандық бюджет қаражатынан алынды. Өрт сөндіру бекетінің штаттық кестелері бекітіліп, 2021 жылдан бастап 4 ауысымда 2 адамнан барлығы 8 адам жұмыспен қамтылады.