Жылды сапалы қортындылау – бірегей жауапкершілік

Ұлытау ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынының күн тәртібіне биылғы жылды қорытындылауға және қыс маусымын талапқа сай өткеруге қатысты кезек күттірмейтін өзекті мәселелер қойылып, талқыланды.

Алғашқы сауал – облыстық, аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын күтіп ұстаудың жай-күйі мен жылу беру маусымының өту барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бақытбек Есназаров хабарлама жасады. Бұл бағытта бүгінгі күні алаңдауға негіз болар жайттар жоқ. Дегенмен, мәселенің мән-жайын талқыға салғаннан кейін Мақсұт Сәрсембайұлы тиісті жұмыстарды дер кезінде атқарып, ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысына электр желілері мен ауызсу құбырларында орын алуы мүмкін апатты жағдайлардың алдын алу, қажетті жағдайда түйткілді мәселенің түйінін жедел тарқату үшін арнайы бригада құрып, оның жұмысын жолға қоюды міндеттеді.

Жиында сондай-ақ, 2020 жылдың қорытындысында қаражатты сапалы игеру, ауыл шаруашылығы саласындағы міндеттерді орнықты атқару, азық-түлік бағасын тұрақтандыру сияқты маңызды мәселелер қаралып, талқыланды. Талқылау нәтижесінде тиісті кент, ауыл әкімдеріне, мекемелер мен салалық бөлімдер басшыларына бірқатар жайттар бойынша жұмысты жыл соңына дейін ширату тапсырылды.

Өз тілшімізден.