Жастар ісі жөніндегі кеңес жыл қорытындысын шығарды
Онлайн-режимде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтың төрағалығымен жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Қорытындылар шығарылып, өзекті мәселелер қаралды және одан әрі іс-қимыл жоспары белгіленді.
— Волонтер жылы өтті. Біздің облыстың 7 мыңнан астам еріктілері 150 мыңнан астам азаматтарымызға көмек және қолдау көрсетті. Бүгін өз еліне, халқына пайдалы болғысы келетін әрбір адамның өрлейтін, ойлағанын іске асыратын жаңа кезеңі басталады. Жастар кеңесі — диалогқа, жаңа идеялар мен өзекті мәселелерді шешуге арналған ашық алаң, — деді Абзал Нүкенов.
Атқарылған жұмыстар туралы Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, сондай-ақ Абай, Осакаров және Нұра аудандарының әкімдері есеп берді.
Жастар бастамаларының арқасында облыста үш ғылыми-зияткерлік клуб, ғалымдардың Жастар кеңесі құрылды, ол облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерін ортақ бір білім беру кеңістігіне біріктіреді. Елбасының Үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру мақсатында ЖОО студенттері үшін екі жатақхана және колледж оқушылары үшін екі жатақхана салу және қайта қалпына келтіру жүзеге асырылуда.
Бірінші кезектегі міндет – жас мамандарды жұмысқа орналастыру. Осыған байланысты «Дипломмен — ауылға», «Жасыл ел», «Серпін-2050» сияқты мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда.
Өңір басшысы, қала және аудан әкімдерінің гранттарының көмегімен жеке ісін ашуға мүмкіндік туды. Биыл 100 миллион теңгеге 100 грант бөлінді. Жас қарағандылықтарға «Еңбек» және Zhas Project мемлекеттік бағдарламалары бизнес-әлеуетті дамытуға көмектеседі. «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары ісін жаңа бастаған бизнесмендерді кәсіпкерлік негіздерімен таныстырады.
Отырыста Қарағанды өңірінің 10 жас тұрғынына құрмет көрсетілді. Олардың барлығы облыс әкімінің «Қайнар» жастар сыйлығының лауреаттары атанды. Олар 250 мың теңгеден дипломдар мен «Қайнар» мүсіншелерін алады.
Естеріңізге сала кетейік, байқау сыйлығы жастар арасында жемісті ғылыми, шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметі үшін 14-29 жас аралығындағы облыс тұрғындарына беріледі.
Биыл комиссияның қарауына келесі 10 номинация бойынша 86 үміткердің құжаттары ұсынылды: «Жас көшбасшы», «Жас маман», «ас қызметкер», «Отан қорғаушысы», «Жас ғалым», «Жас педагог», «Жас медицина қызметкері», «Жас волонтер», «Жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Үздік жастар ресурстық орталығы».
Отырысқа қатысушылар осы салада жұмыс істейтін жастар орталықтары мен басқа да мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының басшысы Әлия Дәрігұлова әлеуметтік желілердегі жұмыстың күшеюіне тоқталды.
— Оларды ашық және адамгершілік қасиетке ие тұлға ету керек. Жастар қандай да бір жағдайда кімге жүгінетінін әрдайым білуі тиіс. Бұл өңірлік жастар орталықтарына да, жұмыспен қамту орталығына да қатысты, — деп атап өтті ол.
Облыс әкімінің кеңесшісі Нияз Сүндіталиев мүгедек жастарға Жастардың ресурстық орталықтарын бейімдеу мәселесін көтерді.
Теміртау қалалық мәслихатының хатшысы Алексей Ломакин тағы бір жақсы және өзекті ұсыныс айтты. Ол аймақты аралап, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын көре алатын жұмыс топтарын құруды ұсынды.
Сондай-ақ жастарды спортқа тарту бойынша жұмысты күшейту туралы айтылды.
Отырыста Қарағанды облысы әкімі жанындағы Жастар кеңесінің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.
Сөз соңында Абзал Нүкенов жастарды жұмыспен қамту, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлік бастаманы қолдау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Ол жастарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту бойынша жұмысты жандандыру және жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.