Мемлекеттік наградалар табыс етілді

Тәуелсіздік күніне орай Қарағанды өңірінің 57 тұрғыны Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларға ие болды. Марапаттау облыс әкімдігі мен С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтті. Іс-шара барлық санитарлық шараларды сақтай отырып өткізілді.

Президенттің Жарлығымен еңбек ардагерлері, жұмысшылар, педагогтар, дәрігерлер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, ауыл шаруашылығының өкілдері және өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары атап өтілді. Республикаға сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін қарағандылықтар ордендерге, медальдарға және Құрмет грамоталарына ие болды.

Мемлекет басшысының атынан марапаттарды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек табыс етті.

— Тәуелсіздік жылдары туралы айта отырып, мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына Қарағанды облысының елеулі үлес қосқанын мақтанышпен атап өткім келеді. Бұл ерекше өлке, Сарыарқаның жүрегі, Қазақстанның өнеркәсіптік орталығы, — деді өңір басшысы.

ҚР Президентінің Жарлығымен жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинге берілді. Елдің экономикалық дамуындағы және өндірістік қызметтегі үздік жетістіктері үшін оған айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз және «Отан» ордені табыс етілді.

— Бұл Қазақстан Магниткасының барлық ұжымы үшін өте жоғары марапат, сондай-ақ Қазақстанның барлық тау-кен металлургия саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалау болып табылады. Біз экономиканың тұрақты дамуы мен мемлекетіміздің одан әрі жаңғыруы үшін бар күшімізді саламыз, — деді Вадим Басин.

Қарағандылықтарды сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтардың табысталуымен құттықтады. Абай атындағы Әдебиет және өнер саласындағы сыйлықтың лауреаты ақын Серік Ақсұңқарұлы атанды. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық ғалымдарға берілді.

— Біздің ЖОО тарихында бұл үшінші Мемлекеттік сыйлық. Бүгін мені үлкен мақтаныш сезімі кернейді. Марапат – алдағы жемісті жұмыс үшін үлкен ынталандыру болып табылады. Бүгінгі біздің деңгейіміз мемлекеттің ғылым мен білімге деген ықыласын білдіреді, — деді ҚарТУ ректоры Марат Ибатов.

«Парасат» орденімен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС дамыту жөніндегі директоры Бақтияр Қырықпышев марапатталды.

«YDD Corporation» ЖШС құрылтайшысы Шмаги Кемертелидзеге ІІ дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді.

Жемісті еңбегі мен жоғары көрсеткіштері үшін тоғыз қарағандылық ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Қарағанды облысының тағы бес тұрғыны Құрмет марапатына ие болды. Қарағанды облысы сайлау комиссиясының хатшысы Наталья Баталова, еңбек ардагерлері Қалмақан Мусин мен Петр Нефедов, «Қарттар мен жалғызіліктілерді күту және асыру жөніндегі» ҚБ басқармасының төрайымы Гүлнар Түсіпбекова және «Бірлік-2006» ЖШС кеңесшісі Төлеутай Шәкіров «Құрмет» орденінің иегерлері атанды.

Өнеркәсіп, қаржы, спорт, ауыл шаруашылығы саласының жиырма қызметкері, сондай-ақ ардагерлер еңбек жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы «Руханият» орталығының Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбының жетекшісі Дидар Кәмиге берілді.

Белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі үшін облыстың жеті тұрғыны «Шапағат» медалімен марапатталды.

Белсенді өмірлік ұстанымы мен ерен еңбегі үшін тағы 12 қарағандылық Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жыл қорытындысын шығара отырып, Жеңіс Қасымбек кеншілер мен металлургтердің, аграрийлер мен бизнесмендердің, педагогтар мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің, құрылысшылардың жұмысын атап өтті. Биыл дәрігерлердің иығына үлкен жүктеме түсті.

Салтанатты шарада Қарағанды облысының жаңа құрметті азаматтарының есімдері жарияланды. Олар: Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанынан құрылған «Ардагерлер кеңесі» ҚБ төрағасы Төлеген Бүкіров, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Ақмола-Бетон» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Рымбек Жүнісов және Социалистік Еңбек Ері, Саран қаласының Құрметті азаматы Василий Зименок.

— Барлық госпитальдардың, емханалардың, жедел жәрдем қызметінің, медициналық университет пен колледждердің студенттері мен оқытушыларының үйлесімді және батыл жұмысын атап өткім келеді. Біздің еріктілерге, қоғамға жанқиярлықпен қызмет ететіндерге жеке алғыс айтамыз, — деді облыс әкімі.

Марапатталғандар басшылық пен жерлестеріне олардың жұмысына лайықты баға бергені, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін алғыс білдірді.

Марапатталғандар тізімі.doc

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.