Есімі елмен бірге жасайды

Бұл опасыз жалғанға кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, оларды құрмет тұтқан, еліне адал қызмет еткен, халқын қалтқысыз сүйетін, небір азаматтар өмірден өткен. Сондай жандардың бірі, Ұлы Дала Ұлытауының адал ұлы, өлім түгілі, өкпеге қимайтын ардақты азамат Тақан ШЫНБЕРГЕНОВ те өмірден өтті.

Тақан өзінің саналы ғұмырын елінің игілігіне арнаған, адалдықтан аспаған, жамандыққа баспаған, даласындай дархан, кеңпейіл, үлкен жүректі азамат болатын. Еліне адал қызмет жасаған, тіршілігінде өзінің көздеген биігіне жеткен, Алланың бергенін қанағат еткен, кісіге қылдай қиянат жасамаған азамат ретінде халқына танылған тұлға.

Ол еңбекке жастай араласып, шынығып, шыңдалды. Өзінің іскерлігімен, туабітті қабілетімен, ақжарқын ашық мінезімен халқының сүйіктісіне айналды. Ұзақ жылдар бойы аудандық тұтыну қоғамында автодүкен сатушысы болып, халыққа мінсіз қызмет етті. Жаздың жауын-шашынына, қыстың қақаған аязы мен ақтүтек боранына қарамай, алшақтағы шопандар мен малшыларды, пішеншілерді, қыстақтарды аралап, еңбек адамдарын қажеттерімен қамтамасыз етіп, алғыс алып, абыройға бөленді.

Еліміз егемендік алып, Тəуелсіз мемлекет болғаннан кейін өмірлік жарымен бірге жекешелендіру саясатын қолдап, асхана ашып, халыққа қызмет көрсетуге кірісті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасының басшысы бола білді.

Тақан Шынбергенов өмірден адалдық пен адамгершілік қасиетін жоғалтпай өтті.

Жаратушының бұйрығына шара бар ма?!

Алла алдынан жарылқап, артын қайырлы етіп, пейіштің төрін нəсіп еткей!

Абзал азаматтың есімі елімен бірге жасай береді.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,

 Қазақстанның Құрметті журналисі.