Сенат депутаттығына кандидаттардың 95,5%-ы өзін-өзі ұсынған – ОСК
14 қаңтарда өтетін ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттардың дені өзін-өзі ұсынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сенат депутаттары сайлауына барлығы 106 үміткер ниет білдірді. Оның ішінде 66 кандидат талапқа сай келіп, ресми тіркеуден өтті. Бәсекелестік бойынша, орташа есеппен 1 орынға 3 адам таласады. Кандидаттардың саны жағынан Алматы және Жамбыл облысында басымдық байқалады. Сондай-ақ, Сенат депутаттығына кандидаттардың 95,5%-ы өзін-өзі ұсынғандар. Қалған үміткерлерді жергілікті мәслихат ұсынып отыр», — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.
Кандидат болып тіркелгендердің 43,9 %-ы мемлекеттік қызметшілер. Одан бөлек, қатардағы депутаттар, мемлекеттік мекемелер мен ұйым жұмысшылары, коммерциялық құрылым жұмысшылары бар. Сол сияқты, партиялар және үкіметтік емес ұйым өкілдері де тіркелгендер қатарында.
Сондай-ақ, ОСК төрағасы сайлауалды үгіт-насихат жұмысының басталғанын айтты.
«2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18:00-ден бастап ресми тіркелген кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмысына кірісуіне рұқсат», — дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды.
Еске салайық, 2023 жылдың 14 қаңтарында еліміздің 20 өңірінен бір-бір Сенат депутатын сайлау өтеді.