Сенат депутаттары сайлауында «Барлығына қарсымын» жолағы бола ма?
Қазақстандықтар 2023 жылы 14 қаңтарда өтетін Парламент Сенаты депутаттарын сайлауда барлық кандидатқа қарсы дауыс бере ала ма? Бұл сауалға Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау туралы заңға сәйкес дауыс беру бюллетендерін әзірлеу және оны толтыру ережесін Орталық сайлау комиссиясы бекітеді. Сайлау әділ әрі ашық өтуі үшін бюллетендерді дайындауда қорғаныс мәселесіне ерекше мән беріледі. Бюллетеньде кандидаттардың аты-жөні мемлекеттік және орыс тілінде көрсетіледі. Сондай-ақ, бюллетеньде кандидаттардың «барлығына қарсымын» графасы бар. Бюллетендер әр өңірдегі дауыс берушілердің санына қарай дайындалады», — деді Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес бюллетеньдер орналасқан мекеменің есігі мөрленеді және ішкі істер органдарының бақылауында болады.
«Сайлау туралы Конституциялық Заңның 24, 25, 26-баптарына сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлауда дауыс берушілердің тізімін облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен ел астанасы мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша аумақтық сайлау комиссиясы жасайды», — дейді ол.
Бұған дейін Сенат депутаттығына кандидаттардың 95,5%-ы өзін-өзі ұсынғаны туралы хабарлаған едік.
Айта кетейік, бүгін Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды.
Еске салсақ, 2023 жылдың 14 қаңтарында еліміздің 20 өңірінен бір-бір Сенат депутатын сайлау өтеді.