Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел кеңес өткізді

Бүгін аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен Ұлытау облысында температураның күрт төмендеуіне және қардың ұзақ жаууына байланысты қалыптасқан ахуал бойынша шұғыл кеңес өтті.
Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, қалалар мен аудандардың басшылары, төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің басшылары қатысты.
Облыстың қалалары мен аудандарының әкімдері жергілікті жерлердегі жедел жағдайды баяндап, сондай-ақ қардың түсу салдарын жою бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.
 Өңір басшысы оларға Ұлытау облысының елді мекендерінің санитарлық жағдайын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Бұл ретте жолдарды қысқы күтіп ұстау бойынша жұмысты жергілікті билік күшейтілген режимде жалғастыруы қажет.
Жаңа жылдық мерекелер қалың қар және қолайсыз ауа-райымен атап өтілді. Сонымен қатар, Қазгидрометтен келіп түскен ақпаратқа сәйкес, келесі аптада өңірде ауа температурасының -20°C дейін төмендеуі, қардың көп түсуі, боран, көрінудің шектелуі күтілуде.
Осыған орай, Б.Әбдіғалиұлы азаматтарды ауа-райының өзгеруін бақылауға, дауылдың алдын алу туралы хабарламаларды назардан тыс қалдырмауға, қажетті сақтық шараларын сақтауға және мүмкіндігінше жеке автокөлікпен ұзақ сапарлардан аулақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, Б.Әбдіғалиұлы ауа райының қолайсыздығына байланысты электр беру желілерінің зақымдалуына жол бермеу туралы тапсырма берді. Өңірдің елді мекендеріне электр энергиясын беруде проблемалар болмауы тиіс, деп атап өтті облыс әкімі. Сондай-ақ, өңір басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне фермерлер мен олардың малдары қапыда қалмас үшін шаруа қожалықтарының иелерімен қажетті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.