Бабалар аманаты еді
Тәуелсіздік халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы, бабаларымыздың ұрпақтарына қалдырған асыл аманаты еді. Халқымыз сол арманына жетіп, бабаларымыздың асыл аманатын орындап, тәуелсіз мемлекет болып, бақытты өмір сүруде. Бұл – көпұлтты халқымыздың бір ананың баласындай, бір қолдың саласындай мызғымас ынтымағының, бір тудың астында топтасқандығының, Отанға адалдығының жемісі.
Әрине, Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Бұған дейін халқымыз не көрмеді, бодандық желісіне көгенделді. Патша үкіметі құлап, тарих сахнасына Кеңес үкіметі шықты. Қызылдар қыннан қылышын суырып, қалың елдің апшысын қуыра келді. Қолындағы күнкөрісін тартып алып, алапат ашаршылыққа ұшыратты. Талғажау қылар ас іздеп, халық дала кезіп кетті. Іші дүниеге толы алты қанат ақбоз үйлер тігулі күйінде қаңырап бос қалды. Қариялар төсегінде, нәрестелер құндағында ажал құшты. Тышқан аулап кеткендер құлатүзде қырылды, қарғақұзғынға жем болып, көмусіз қалды. Бұл сұмдықтың боларын ерте сезгеңдер туып-өскен жерін тастап, жат елге қашты. Жалғыз-жарым емес, ауылымен ауа көшті, сөйтіп, қазақ халқы сынаптай сырғанап, тарыдай шашылды.
«Қызыл қырғын» 1937 жылғы қуғын-сүргінге ұласып, елім деп еңіреген, халқын ойлап қамыққан, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға «халық жауы», «Жапонияның тыңшысы» деген жала жауып, атты, асты, абақтыға қамады, жер аударды. Олардың ұрпақтары бабаларының сүйегінің қайда қалғанын да білмейді.
Бұл қасап-қырғыннан Ұлытау өңірі де қағыс қалған жоқ. Құрмансейіт Баймағамбетов, Тайжан Қалмағамбетов, Қожахмет Байболов, Баттал Мәдиев, Хамзе Қадірбеков, Әбдіманат Үкібаев, Шубай Қазанғапов, Жүнісбек Смайылов және басқалары сияқты ел мүддесін көксеген асыл азаматтарды жалған жаламен бір түнде ұстап әкетіп, олар хабарсыз кетті.
Қызыл империя ұлттық құндылықтарымыз – тілімізге, дінімізге, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға қиянат жасады. Олардың жымысқы саясаты ұлттық болмысымызды жойып жіберу еді. Бірақ арманы асқақ халқымыз ұлттық қасиеттерімізді елдік ерекшеліктерімізді сақтап қалуда зорлыққа да, қорлыққа да, азапқа да төзіп, рухымыздың мықтылығын көрсетті. Алайда тіліміз бен дінімізге қатер төнгені елді қатты алаңдатты. Бүкіл іс-қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Тіл білмейтіндер қызметке қабылданбады. Ұлттық мектептердің саны азайды. Ертеден қалыптасқан жер атаулары да өзгертілді.
1986 жылы желтоқсан айында республиканың бірінші басшылығына есімі көпке беймәлім Колбиннің сайлануы бұқара арасында үлкен толқу тудырды. Жастар орталық партия ұйымының шешіміне қарсылық білдіріп, көшеге шықты. Оған қатысушылар аяусыз жазаланды. Желтоқсан оқиғасына ұлытаулық студент-жастар Дүйсенбек Байболов, Гүлнар Ауғанова, Гүлшат Смағұлова, Мағауия Омаров, тағы басқалары белсене қатысты. Д.Байболов түрмеге қамалып, азапталды.
Осы желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздігіміздің алғашқы жаршысы болды. Арада аз-кем уақыттан соң еліміз егемендігін жариялап, Тәуелсіздік алғаннан кейін де жағдай қалыпты арнаға түсе қойған жоқ. Халық тапшылыққа, қисапсыз қиындықтарға кез болды. Дүкендердің сөресі бос қалды. Бір затты алу үшін ұзынсонар кезекке тұрды. Жұмыссыздық пайда болды. Мәдениет ошақтары, балабақшалар жабылды. Әсіресе, ауыл халқына ауыр тиді. Электр жарығы болмай, майшаммен отырды. Тұрғындар қалаға көшті. Онда барғандардың жағдайы да оңала қойған жоқ. Ел тығырыққа тірелді. Бірақ халықтың Президентке, жарқын болашаққа деген сенімі мен бірлігі мықты болды. Қиындықтар оны нығайта түсті.
Елбасының кемел саясаты елді қақтығысқа соқтырмай тығырықтан аман алып шығып, аз жылда қарқынды дамып, кемелденген мемлекетке айналдық. Болашағымызға күмәнмен қарағандарға таңдай қақтырдық. Дамыған елдермен іскерлік байланыс орнаттық.
Міне, тағы бір жыл айналып, Тәуелсіздік күні де келіп жетті. Бұл – ұлтымыздың ұлылығын, халқымыздың мызғымас бірлігін айдай әлемге паш еткен күн, Мәңгілік Елдің мәңгілік мерекесі.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстанның Құрметті журналисі.