Қазақтың қайсар қызы еді…
Желтоқсан оқиғасының куәгері Гүлшат Смағұлова туралы бір үзік сыр
Еліміздің тəуелсіздігі – ата-бабамыздың асқақ арманынан туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс. Ел бостандығы үшін күрескен боздақтардың ерен ерлігін еске алатын күн – 16 желтоқсан. Биыл бабаларымыздың сан ғасырлық арманына айналған азаттыққа қол жеткізгенімізге 31 жылдың жүзі болды. Тарих үшін қас-қағым сəт болғанымен, былай қарағанда аз уақыт емес.
Тарихқа зер салсақ, бұл күнге дейін əлемнің саяси картасы сан алуан өзгеріске түскенін көреміз. Қазақ халқының қат-қабат тарихының басты мазмұны еркіндік үшін күрес болды. Осы азаттық жолындағы күресіміздің тарихы – сонау скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан, кешегі Алаш арыстарының сара жолын жалғастырған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен қоса алғанда, сан ғасырлық шежіресі бар. Осының айғағы бүгінгі таңда елдігімізді асқақтатқан тұғырлы Тəуелсіздік! Бұл кешегі Желтоқсан оқиғасынан бастау алады. Олай дейтініміз, 1986 жылғы 16 желтоқсанда қазақ жастары іштегі жалынды сыртқа шығарып, алып империяның шынайы бет-бейнесін ашып берді. Бет қарыған сары аязға, қарулы жасақтың қатыгездігіне қарамастан жастар тегеуріні күшті қызыл империяның шаңырағын шайқалтып, іргетасына сына болып қағылды. Осылайша, бабалардың ерлік дəстүрін жаһанға паш етті.
Шын мəнінде, Желтоқсан оқиғасы қазақтың ұлт тəуелсіздігі үшін жасаған қадамының ең соңғы күресі еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – соның куəсі. Бұл қазақтың сан ғасырлар бойы күн астында бықсып жатқан қоламтадай булыққан ащы ызасының бір мезетте көкке лаулаған өртінің тамыздығы сияқты. «Ұлтым, жұртым» дегенде оттай маздаған, шоқтай қоздаған қазақ жастарының жүректегі намыстары сол желтоқсанда Алматыдағы Брежнев алаңына бейбіт шеру ұйымдастыруға жеткізді. Сондағы жастардың көздеген мақсаты, талап-тілегі ел тəуелсіздігі еді. Ол бейбіт шерумен аяқталуға тиіс болатын. Бірақ, өкінішке орай шерудің соңы шиеленісіп кетті. Олардың алдынан тегеуріні күшті тосқауыл қойылып, алаңдағы жастарды аяусыз сабады, абақтыға тоғытты. Ақырғысы кісі өліміне əкелді. Міне, осындай қанды оқиға 1986 жылы желтоқсанда болды. Қайрат, Лəззат, Ербол сынды қандастарымыз халқымыздың азаттығы үшін шалынған соңғы құрбандығы еді. Дегенмен, сол желтоқсанда қазақ жастары қараңғыдан мəңгілік жарыққа ұмтылды. Сондағы Желтоқсан оқиғасына қатысқан куəгердің бірі, Сарлық ауылының тумасы Гүлшат Жақияқызы Смағұлова болатын.
Ол – 1965 жылы Ұлытау ауданының Сарлық ауылында туған. Отбасында он баланың үшіншісі еді. 1982 жылы №3 Аманкелді орта мектебін аяқтаған соң, арман қуып Алматыға келеді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен əдебиет факультетіне оқуға қабылданып, студент атанады. Жаратылысынан алғыр, өжет қыз студент кезде-ақ білімділігімен, белсенділігімен көптің көзіне түседі. Ғылыми тəжірибелік конференцияларда баяндамалар жасайды. Өз факультетінде бетке ұстар студент болса керек. Бірақ, өрімдей қыздың студенттік ғұмыры тым келте болды. Күтпеген жерден оқудан шығарылып, Желтоқсан оқиғасына қатысы бар деген желеумен қудалауға ұшырайды. Оқу орнынан біржола шеттетіледі. Біз онысын кейін естіп-білдік.
Мен оны алғаш рет 1989 жылы Жезқазған қаласындағы мұғалімдердің білім жетілдіру институтында кездестірдім. Сол кезде ол №3 Аманкелді орта мектебінде қазақ тілі мен əдебиет пəнінен мұғалім еді. Екеуіміз əріптес ретінде əрі бір ауданнан келгендіктен жақынырақ таныса бастадық. Алғашқыда оның жүзінен мұң, қарақаттай қара көздерінде тұңғиық сыр жататын. Ал оның ішкі сыры маған да беймəлім еді.Ол көп сөйлемейтін, томаға тұйық болатын. Өзгелерден оқшауланып, үнемі сырттап жүретін.Сөйтсек, Гүлшаттың жаны жаралы екен. Оның көңіліне қаяу түсірген Желтоқсан оқиғасы екенін бертінде білдік. Ал, Желтоқсан оқиғасына қатысқанын оның нағашысынан естіп, сөз орайы келгенде Гүлшаттан айтып беруін сұраған едім. Бастапқыда оның көзінен мөлтілдеп ыстық жас ыршып шықты. Екі иығын солқылдатып үнсіз жылады.Əдемі келбеті лезде солғын тартып, дауысы дірілдей жөнелді. Сəл кідірістен кейін өзін бекем ұстап, əңгімесін қайта сабақтаған болатын Сол кезде айтқан сөздерін бүгін қаз-қалпында жариялауды жөн санадым.
«Желтоқсан оқиғасындағы оқиға əлі көз алдымда. Есіме түссе, жүрегім сыздап, көзім қарауылтады. Сіздер сұраған соң айтпасқа болмас. Əйтпесе ол жайлы айтудың қажеті шамалы. Біз əуелі 16 желтоқсанда студент-жастар жатақханаға жиналып, алаңға шығуды жоспарладық. Мұндағы мақсатымыз – Дінмұхамед Қонаевтың заңсыз орнынан алынғаны үшін Үкіметке талап қоямыз деген ұсыныс болатын. Сол мақсатпен желтоқсанның 17-18 күндері студенттер түгел жиналып, алаңға шықтық. Бізге басқа факультеттің студенттері де ілесіп, қатарымыз көбейе түсті. Барлығымыз қазақ ұлтының намысын таптатпаймыз деп уəделестік. Бір кезде шерудің соңы төбелеске ұласып, жағдай шиеленісіп кетті. Жан-жағымыздан қалқанмен, сойылмен қаруланған жасақ бізге күш көрсете бастады. Айнала айқай-шу. Қыздардың шыңғырған дауыстары естілді. Сол қарбалас шақта басымнан соққы алдым» деген еді сонда Гүлшат.
Уақыт өте келе естігеніміз, Гүлшат жарақат алған мезетте дəрігерге қаралмаған көрінеді. Ауруханаға түскен студенттер тергеуге алынып жатыр дегенді естігенде шошынса керек. Дəрігердің маңына жоламай біраз уақыт бой тасалайды. Қанша уақыт жасырынғанын кім білсін?! Оқудан шығарған соң басқаша күйге түсіп, топтан оқшаулана бастайды. Бұл оған ауыр соққы болып тигені рас. Қызының осындай халге түскенін əкесі Жақия Смағұлов кейін естіп біледі. Хабарды естісімен оны Сарлық ауылына алдырады. Ондағы №3 Аманкелді орта мектебіне Гүлшатты қазақ тілі мен əдебиет пəнінен мұғалім ретінде орналастырады. Арнайы дипломы жоқ, аяқталмаған жоғары деген анықтамамен мұғалімдік қызметке кірісіп кетеді.
Заман көші ілгері жылжыған соң, еліміз Тəуелсіздік алғаннан кейін Гүлшат оқуын қайта жалғастырады. Сөйтіп, 1993 жылы қолына дипломын алады. Бұл əрине, ел Тəуелсіздігінің арқасы.
Гүлшат та Тəуелсіздігіміз баянды, ертеңіміз жарқын болатынына кəміл сенді. Еліміздің егемендігі жолында өз үлесін қосуға бел буды. Ар-намыс қана тəуелсіздікке тірек болатынын сол кезде-ақ білді. Ол біздің тілегімізді емес, біз тəуелсіздік елдің тілегін тілеуіміз қажет деген ой болды онда. Тəуелсіздіктің нұрлы күніне қарап, өзін бақытты жан санады. Алға ұмтылды. Бірақ, бұл ұмтылысы ұзаққа бармады. Денсаулығы сыр берді. 1986 жылғы басынан алған жарақаты айықпас дертке айналды. Еңбекке деген құлшынысы мүлдем төмендеп кетті. Екінші топтағы мүгедек күйін кешті. Қанды желтоқсанның зардабы оны созылмалы дертке шалдықтырды. Асқақ армандары орындалмай, жарық дүниемен ерте қоштасты. 2002 жылы оны ауыл халқы арулап ақтық сапарға шығарып салды.
Мақалаға арқау болған кейіпкер Гүлшат Смағұлова жарық дүниемен ерте қоштасқанымен, оның азаттық жолындағы күресі ел жадында мəңгі сақталмақ. Кешегі Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың көбісі осындай күй кешті. Азаттық жолында қыршынынан қиылған жастар қаншама?! Шындығында, Тəуелсіздік бізге аспаннан түскен жоқ. Қажырлы күреспен келгені ақиқат. Содыр саясаттың сойылына жығылса да қазақ жастарының азаттықты аңсаған үні естілді. Бұл əділетті елді аңсауы болатын. Ендігі мəселе соны ертеңге жеткізу. Əділетті Қазақстанның кемелденуі – қалың бұқараның тілегі. Ендеше, жұмыла кірісіп, ымыра-бірлікке ден қою Жаңа Қазақстанның жарқын жолында тынымсыз тірлік ету – əр адамның бұлжымас мақсаты болуы тиіс.
Қайрат ЖҰМАБАЙ