Балғын балуандар жетістігі
Жыл сайын қазақ күресінен дəстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жас Барыс» облыстық турниріне іріктеу биыл Жəйрем кентінде өтті. Ондағы мақсат «Жас Барыс» республикалық турниріне қатысу үшін облыс құрама сапын жасақтау болды. Жарысты өткізуге «Жəйрем Дамуы» корпоративтік қорының спорт федерациясы атсалысты.
Жалпы, басшылық облыстық денешынықтыру жəне спорт басқармасы мен қазақ күресі федерациясы тарапынан жүргізілді. Боз кілемдегі белдесу 2011 жылғы 18 тамызда Қазақстан Республикасы Туризм жəне спорт министрлігінің Спорт комитеті мен ҚР Қазақ күресі федерациясы бекіткен ережеге сəйкес ұйымдастырылды. Айтулы додаға облыс аумағындағы Жəйрем кенті жəне Жезқазған, Сəтбаев, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан 130-дан астам «мықты» деген балуандар қатысып, бағын сынады. Шеберлік пен шымырлық деңгейі мінсіз сарапталған түпкі нəтижеде Ұлытау ауданынан қатысқан балуандар да жүлдеге ие болды.
2002-2003 жылы туылған жастар арасындағы белдесуде үшінші орынды 60 келі салмақта Дамир Қойшығара (Ұлытау ауылы), 72 келі салмақта Əділет Бейбіт (Ұлытау ауылы) иеленді. 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында үшінші орынды 60 келі салмақта белдескен ұлытаулық өрендер Нұржан Мырзабеков пен Ерсұлтан Мирас еншіледі. 82 келі салмақта үшінші орынды ұлытаулық Айбын Əлсерік, 72 келі салмақта жезділік Абылайхан Алшынбек жеңіп алды.
Ал, 46 мен 50 келі салмақ дəрежесінде ешкімге дес бермеген ұлытаулық Ислам Адамбек пен жезділік Мейрамхан Бейсектің бағы жанды. Қос өрен жеңімпаз тұғырына бірінен кейін бірі көтеріліп, екеуі де бірінші орынның биігінен көрінді. 2007-2008 жылы туған жеткіншектердің арасында 40 келі салмақта күш сынасқан жезділік Бауыржан Жапар үшінші орынға қол жеткізді.
Іріктеу сыны қорытындысында Ислам Адамбек пен Мейрамхан Бейсек үстіміздегі жылдың 12 желтоқсанында Астана қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды. Сəтін салса, Ұлытау ауданының қос ұланы облыс намысын қорғамақшы.