Оқушы «Мұртты оба» тапты
Байқоңыр ауылындағы №17 орта мектептің 11-сынып оқушысы Əліби НҰРЛАН ауыл маңынан бұрын еш деректерде кездеспеген тағы бір «Мұртты оба» тапты.
– Мал іздеп жүріп, ауыл маңынан мұртты обаға ұқсас үйілген тастарды көріп, «Мұртты обаға» қатты ұқсас болған соң тарих пəнінің мұғалімі Мұқаш мұғалімге айттым. Мектеп директоры Ерден Болатұлы мен Мұқаш жəне Тағанбай мұғалімдер бірге барып үйінді тастарды көрді. Ол кісілер ескерткіш-белгіні нақты «Мұртты оба» деп таныды.
– Мен өз ауылымның əр тасы тұнған тарих екенін білемін, бірақ дəл осылай сол тарихи дүниенің табылуына өзім себепкер боламын деп ойламаппын. Алдағы уақытта осы жерлерді əрі қарай дамыту мақсатында жұмыстар жүргізілгенін қалаймын, – деді Əліби.
Əлібидің сөзінен кейін тарих пəнінің мұғалімі, өлкетанушы, мектеп мұражайының жетекшісі Мұханбетəли Əлирахманұлын əңгімеге тартқан едік.
– Кешегі қызыл империя өктемдігін танытып тұрған тұста өлке тарихына жол бермей санамызды тұмшалап ұстағаны тарихи шындық. Өңірді алғаш академик Қ.Сəтбаев пен қазақ археологиясының негізін қалаған тарихшы этнограф Ə.Х.Марғұлан жəне өлкетанушы С.Бүкіров аталарымыздың еңбектерімен танып өстік. Егемендік алғаннан бері өз төл тарихымызды оқыта бастадық. Бірде 6-сыныпта Қазақстан тарихынан «Орталық Қазақстан» тақырыбында ой өрбітіп оқушыларға осы өңірге тəн Сақ дəуірінен қалған «Мұртты обалар» жайлы мағлұмат беріп тұрғанымда бір оқушым Ə.Батырхан өз ауылында осы бір тарихи кешеннің бар екенін айтты. Жаз айында осы сыныптың оқушыларымен, ата-аналарымен экскурсия жасап «Қалыбай» қыстағына барып «Мұртты обаны» өз көзімізбен көріп қайттық.
Ə.Батырхан осы тақырыпта «Орталық Қазақстан» шағын ғылым академиясының ғылыми-практикалық конференциясында жоба қорғап 1 дəрежелі дипломмен марапатталған болатын. Ауыл тұрғындарының айтуымен Байқоңыр өңірінен қазіргі таңда жеті мұртты обаның орны анықталып отыр. Соңғы мұртты обаны жазғы демалыста жүргенінде мектеп оқушысы Əліби тауып отыр.
Мəдени нысан орналасқан аймақты көріп көптеген ой туындады. Өңірдегі осы тарихи орындарға археологиялық қазба жұмысы жүргізіліп оған мектеп оқушылары қатысып, алған білімін тəжірибемен ұштастырып жатса керемет емес пе?!
Осы орайда жоба қорғау барысында оқушыларымызға бағыт беріп отырған Жезді мұражайы қызметкерлері, археолог ағаларымыз – Айдар Искаков пен Арман Бермағанбетовке алғысымыз шексіз. Алда осы археологиялық қазба жұмыстарының қыр-сырын оқушыларға жете түсіндіріп беретін мамандарды көргіміз келеді, – дейді Мұханбетали бізбен əңгімесінде.
Ал, жас өрен Əліби Нұрланның өз өлкесінің əр тасына бей-жай қарамайтындығы, қырағылығы қуантады. Алдағы уақытта осы мəдени нысандарға зерттеу жұмыстарын жүргізу – Əлібидің арманы.
Гүлсім Насыритдинова,
мұғалім.